Атырауда жеңіл көлік қаққан екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы кеше, 5 маусымда жергілікті уақытпен сағат 18:00 шамасында болған.
«Атырау қаласындағы А.Байтұрсынов-Афанасьев көшелерінің қиылысында Тoyota Verso маркалы автокөлігі 2 жасөспірімдерді қағып құлатты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен жасөспірімдер Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады Атырау қалалық полиция басқармасынан.
Қазір полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтап жатыр.
«Жазғы демалыстың басталуына байланысты тұрғын үй алабы мен көшелерде самокат және велосипед тізгіндеген жасөспірімдердің көбейді. Осыған байланысты жүргізушілерден жолда жүру ережесін қатаң сақтап, абай болуды ескертеміз», -деп мәлім етті полиция басқармасынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда КамАЗ көлігі қаққан 6 жасар бала мерт болғанын хабарлаған едік.
Атырау қаласының Жұлдыз-2 шағынауданында КамАЗ жүк көлігі велосипедпен келе жатқан 6 жасар баланы қағып кеткені анықталды. Көлік қаққан бала оқиға орнында көз жұмды.