Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

50-ден астам елордалық ауру мысық сатып алған

06.06.2023ж. 20:00
1432
50-ден астам елордалық ауру мысық сатып алған

Елордада белгісіз біреулер онлайн жарнама арқылы ауру мысықтарды сатқан. Үй жануарына қызыққандарды алдап, дені сау деген жалған құжат ұсынған. Және бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанған. 7 жылға ұласқан сауда тыйылар емес. Ал ветеринар мамандар жұқпалы дерттің қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда.

Елордалық Аида ОЛХ желісі арқылы асыл тұқымды мысықты 80 мың теңгеге сатып алған. Сатушы жануардың екпе алғанын айтып, жалған құжат берген. Алайда, бірер күннен кейін мысықтың ауру екенінін біліпті. Қызық көремін деп шыжыққа батқан ол мысық емдетемін деп онан сайын шығындалған.

Аида ДАУТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мысықты сатқан адам оның сау екенін айтып, жалған құжаттар берді. Сол күні үйге жеткенімде мысықтың ауру екенін бірақ аңғардым. Бірден сатқан адамға хабарласып, мән-жайын сұрадым. Ол мысықтың бейімделу кезеңі деп алдап соқты.

Бүгінде 50-ден астам тұрғын мысық аламын деп, қалтасынан қағылып, алданып отыр. Ольга Тультаева да дәл осылай сәтсіз сауданың құрбаны болған.

Ольга ТУЛЬТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сатушымен байланысқа шығып, келіскен жерде мысықты алдым. Бірінші күні күдікті ештеңе аңғарғаным жоқ. Келесі күні мысық тамақ ішпей, іші өте бастады. Көп созбай мамандардың көмегіне жүгіндім. Ол мысықтың оба ауруына шалдыққанын айтты.

Ізін суытқандар асыл тұқымдас мысықтарды 50 мыңнан 200 мыңға дейін бағалап, сатқан. Дәрігерлердің айтуынша дерт жұқпалы, әрі қауіпті.

Виктория МАЛАХОВА, МАЛ ДӘРІГЕРІ:

Медецина тілінде бұл аурудың түрін панлейкопения деп атайды. Бұл мысықтардың аса қауіпті вирустық ішек ауруы. Осы ауруға шалдыққан мысықтар кем дегенде 3 күн өмір сүреді. Алғашқы белгілері диарея, дене ыстығының көтерілуі, тәбетінің болмауы.

Зардап шеккендер желіде жарияланған жарнаманың басым көпшілігі бір жерден берілгенін айтып отыр. 7 жыл қатарынан алдап жүргендер әлі де жауапқа тартылмаған.

Болатхан ТҮЛЕГЕНОВ, ЕСІЛ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЖПҚ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жануарлар қорғау ассоциациясынан өтініш бізге келіп түсіп тіркелді. Және де қазіргі уақытта қаралуда. Бұл пәтер иесі анықталып, қазіргі уақытта ол кісі қалада болмағандықтан бұл кісіден осы жағдай бойынша жауап алынбады.

Жәбірленушілер екі ұжымдық өтініш жазған. Олардың сөзінше бұндай жағдай еліміздің өзге де өңірлерінде тіркелген. Сондықтан мамандар үй жануарларын зоодүкеннен , не арнайы орталықтан сатып алуға кеңес береді.