Adv pic
$476.89 €505.27 ₽4.95
×

«Өзгеретіндері тек баяндамашылар мен сұрақ қоятындар», - Е.Қошанов

07.06.2023ж. 20:00
564
«Өзгеретіндері тек баяндамашылар мен сұрақ қоятындар», - Е.Қошанов

Бюджеттің 325 миллиард теңгесі игерілмей қалды. Бұл - жылда айтылатын мәселе. Үкіметтің «тамаша» цифрлары депуттардың ашуын келтірді. Тіпті қиын жағдайда ел экономикасын көтереді деген ұлттық компаниялар мен кәсіпкерлердің де пайдасынан шығыны көп болып отыр. Оған жыл санап өсіп жатқан мемлекеттің сыртқы қарызын қосыңыз.

Әдеттегідей бюджеттің орындалуы туралы алдымен қаржы министрі баяндама жасады. Сандар ғана өзгерген, проблемалары сол күйі қалып қойғандай. Депутаттар жалықса керек, бірден шулай бастады. Осыдан кейін Жоғары аудиторлық палатаға кезек келді. Ұлттық жобалардың тиімділігіне күмән келтірген палата төрағасы, жобаларды түрлі сылтаумен қымбаттату эпидемияға айналып отыр дейді.

Наталья ГОДУНОВА, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз бюджет шығыстарын қойылған стратегиялық мақсаттарға байланыстыруды сол күйі үйрене алмай қойдық. Салдарынан – жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуге ешқандай әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурстарды жұмсадық. Ұлттық жобаларды әзірлейміз, алайда іске асырылған екінші жылында олардың күшін жоямыз. Барлығы орындалып жатқан сияқты көрінеді, бірақ беретін әсері күмәнді.

Былтыр бөлінген бюджеттен игерілмеген қаражат - 325 миллиард теңге. Бір жыл ішінде 8 түзету және бір нақтылау енгізілді. Нәтижесінде 821 миллиард теңге үнемделіп, әкімшілердің шығыстары 628 млрд-қа қайта есептелген.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Парламенттің бюджетті нақтылауын есепке алмағанда, шамамен 1 трлн теңге. Бұл мәселе мемлекеттік органдардың, әкімшілердің бюджет қаражатын басқару деңгейі төмен екенін және бюджеттік тәртіптің ақсап тұрғанын көрсетеді. Осыған байланысты бұл Үкіметтің немқұрайлығынан болатын тәуекелдерді болдырмау үшін қандай шара жасайсыздар?

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Сіз айтып отырған түзетулердің барлығы заң бойынша жасалған. Ол қажеттілікпен объективті себептерге байланысты болып отыр. Бізде мемлекеттік аудит комитеті бар. Былтыр олар 5,2 трлн бюджет қаражатына 2,3 мың аудиторлық шара жүргізді. Қаражатқа тиісті бақылау бар.

Үкіметтің игерілмеген қаржы бойынша айтатын сылтауы жыл сайын өзгермейді. Депутаттар Үкімет өз білгенін істейді деп отыр. Осы уақытқа дейін сан сауалдарына мардымды жауап алмаған мәжілісмендер бүгін министрлерге әбден шүйлікті.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бюджет 1 жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті. Осындай «тамаша» цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан мыңдаған оқушы үшауысымда оқуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Бұл тек бір салаға ғана қатысты. Ондай мысалдарды басқа да саладан көптеп келтіруге болады. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Өмір сүру сапасына бұл көрсеткіштердің бәрі тікелей әсер етеді.

Бүгін бағдарламалардың орындалуын тендер ұзаққа созылады деген секілді түрлі сылтаумен түсіндіріп бақты. Жағдай жылда қайталанады деген мәжіліс Төрағасы, Үкімет жұмысында жүйелі проблемалардың бар екенін айтты. Депутаттар енді Жоғары аудиторлық палатадан барлық деңгейдегі бюджетті барынша жіті бақылайтын болады.