Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылорда облысында биыл 107 мыңнан астам бала жазғы лагерьлерде демалады

07.06.2023ж. 20:00
759
Қызылорда облысында биыл 107 мыңнан астам бала жазғы лагерьлерде демалады

«Мықты аймақтар-экономика драйвері». Халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, тұрғын үй құрылысын жандандыру, транспорттық-транзиттік әлеуетті жақсарту мақсатында Қызылордада ауқымды істер жүзеге асырылып жатыр. Облыс бюджеті 593 млрд. теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 53 процентке көп. Аймақ меценаттары да туған жерді түлетуге белсенді атсалысуда. Бір ғана мысал, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы демеушілер есебінен салынып жатыр. Бұл туралы облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтты.

Аймақтағы басты жаңалықтардың бірі – шыны зауытының іске қосылуы. Зауыт өнімі отандық нарықта да, шетелде де жоғары сұранысқа ие. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей мемлекеттеріне экспортталуда.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өткен жылды зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз етті. Ал, биылғы 4 айда 3,5 млн. текше метр шыны өндірілді.

Әйгілі Ақмаржанымен танымал Сыр өңірі - еліміздің 90%-ын күрішпен қамтамасыз етіп отыр. Жыл басында республика бойынша күріштің құны біршама өсіп, осыған байланысты негізсіз баға көтеру фактісі бойынша тергеп-тексеру шаралары жүргізілген. Облыс әкімі бұл жайтқа жанар-жағармай мен құрал-жабдық бағасының өсуі себеп дейді.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

7 кәсіпорында осындай деректер анықталды. Оған байланысты айыппұлдар салынды. 100 миллион теңгеге жуық. Олар енді себепсіз алдағы уақытта өсірмейтін болады. Біз оны бақылауда ұстап отырмыз.

Облыс бойынша 180 мыңға жуық оқушы жазғы демалысқа шықты. Жылдағы дәстүрмен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға өңір басшылығы ерекше назар аударып отыр. Биыл жергілікті бюджет есебінен аймақтағы 10 лагерьде 8 мыңнан астам баланың демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Демеушілердің қолдауымен 3000 оқушы еліміздің алдыңғы қатарлы лагерьлерінде тынығады. Бұдан бөлек, 96 мың бүлдіршін мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерге барады. Ал «Жайлы мектеп» жобасымен өңірде 10 білім ошағының құрылысы басталмақ.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Білімді қолдау қоры» есебінен, Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы құны – 7 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын мектеп-интернат құрылысы басталды. Осы тізімге облыс бойынша тағы 1 775 орынға лайықталған 4 мектептің қосымша құрылысын енгіздік. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады.

Сыр елі, жыр елі мәдениет пен руханиятты дамытуға да өзіндік үлес қосып келеді. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2023 жылды Темірбек Жүргенов жылы деп жариялады. «Қайраткердің 125 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өткізілді және мерейтой жыл соңына дейін жалғасады» деді аймақ басшысы.