$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Аулада күмәнді жазуды байқасаңыз, бірден өшіріп тастаңыз», - полиция

AstanaTV
08.06.2023ж. 20:00
1392
«Аулада күмәнді жазуды байқасаңыз, бірден өшіріп тастаңыз», - полиция

Қазір жастар арасында есірткі тасымалы өршіп тұр. Жыл басынан бері Астана қаласының өзінде 402 құқық бұзушылық анықталған. Мамандардың айтуынша синтетикалық есірткіге сұраныс өте жоғары. Сондықтан қара нарықта сауда қызып тұр.

Құзырлы орган өкілдері есірткімен күресу қиын екенін айтады. Өйткені бір қауіптің бетін қайтарғанымен қатер қайта қаулайды. Жыл басынан бері елордада есірткі саудасымен айналысқан 52 сайт бұғатталды. Сондай жарнаманың біріне тап болып, басы бәлеге қалғанның бірі- Разия. Ол есті алар есірткінінің дәмін алғаш рет 17 жасында татып көріпті. Бір сәттік ләззат 9 жылға ұласты. Қазір сауықтыру орталығында ем алуда.

Разия, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Есірткіні бір рет татып көргеннен кейін тоқтай алмадым. Жақындарымның барлығы теріс айналды. Кейін күн көру үшін өзім де сатумен айналыстым. Сақ болғандарыңызды қалаймын. Қазір қирандылардан бөлек, көпқабатты үйлердің ішінде де есірткі табылып жатыр. Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Телефондарын тексеріп отырған жөн.

Мамандардың айтуынша, бұл бәлекетке көбіне жасөспірімдер әуес болады. Елімізде 156 бала есепте тұр.

Виталий БОРИСЕНКО, НАРКОЛОГ:

Біздің орталықта ем алушылардың басым көпшілігі 20 мен 30 жастағылар. Ем алудың ұзақтығы 4 айға ұласып жатады. Тіпті одан да көп уақытты алады. Нашақорлар осы аралықта психологтармен және арнайы мамандармен жұмыс істейді.

Қолында ақшасы бар кез-келген жасөспірім интернеттегі сайтқа кіріп, төлем жасаса болғаны, улы затты уысына оңай түсіреді. Жыл басынан бері 402 құқық бұзушылық анықталған, оның 47-сі өткізу фактісі.

Сергей ИЛЬЯНЫХ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Есірткі саудалайтындардың құрығына көбінде студенттер мен жұмыс іздеп келген жастар түседі. Интернет желісінде курьерлік, тасмалдау, графикалық сурет салу жұмыстарын ұсынатындарға сенбеулеріңізді сұраймын. Сондай қызметтер қылмыстық істің қозғалуына алып келуі мүмкін. Есірткі саудалап, таратқаны үшін 25 жыл немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

Алмагүл ТАСТАНОВА, ТІЛШІ:

Аулаңызда осындай күмән келтіретін жазуларды байқасаңыз, бірден өшіріп тастағаныңыз дұрыс. Өйткені бұл есірткі сатушы мен сатып алушының арасындағы құпия белгі болуы мүмкін. Сондай-ақ ұялы телефоныңызға «Смарт Астана» қосымшасын жүктеп, суретін түсіріп жіберсеңіз болады. Осылайша бір қауіптің алдын аласыз.

А. Тастанова