Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Абай облысындағы тұрғындар мен өрт сөндірушілерге тиісті көмек көрсетіліп жатыр

12.06.2023ж. 20:00
630
Абай облысындағы тұрғындар мен өрт сөндірушілерге тиісті көмек көрсетіліп жатыр

Қауіпті аймақтағы тұрғындарға тиісті көмектер көрсетіліп жатыр. Еріктілер өрт сөндірушілер мен орманшыларға да керекті заттардың барлығын жеткізіп беруде.

Апат орнында өрт сөндірушілер тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Еріктілер мен волонтерлер елдің жұдырықтай жұмылуының арқасында жиналған заттарды тиісті жерге жеткізіп беруде. Сумен, азық-түлікпен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Айгүл СЕРІКЖАНҚЫЗЫ, ВОЛОНТЕР:

Осы міне бүгін 4-күн. Бізде еріктілердің қолдауымен лесхоздың адамдарына, пожардың адамдарына, военныйларға осындай дастархандар жайылып жатыр. Бәрін еріктілер қолдап жатыр. Барлық тамақтың түрлері жан-жақтан, біреуін атап бөліп-жаруға келмеді.

Өрттің алғашқы күндерінен-ақ Бородулиха ауданындағы апатқа қамқор азаматтар көмекке келді. Барлық керек заттар арнайы көліктерге тиеліп, өртпен белсенді түрде күрес жүргізіліп жатқан аумақтарға жеткізілді. Жамағат мал шалып, жаңбыр сұрап, тасаттық жасады.

Әли ӘЗІМБЕКҰЛЫ, ҚМДБ ЗЕКЕТ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ АСТАНА ҚАЛАСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

150-ге жуық еріктісі жұмыс жасап және 3 күннің ішінде бүгін 4-ші күн 1,5 тонна азық-түлікті таратып, ас күйінде таратып жатыр. Және біз қазір Барадулихо елдімекенінен Озерка елдімекеніне қарай көшіп жатырмыз. Өйткені, желдің ұйтқы оттың ауысуына байланысты.

Күн сайын 80-ге жуық жергілікті ерікті мен Семей, Өскемен және Астана қалаларынан 100-ден астам адам өртті сөндіруге көмек көрсетуде. Олардың орнын тұрақты түрде өзге де жанашыр азаматтар алмастырып отыр. Тек соңғы тәулікте 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті, құс еті, 600 келі көкөніс 100 литрден астам май берілді.

Әлия РАХЫМБАЕВА, ВОЛОНТЕР:

Тамақ, су, дәрі-дәрмек әкелудеміз. Себебі өрт сөндірушілер күйік шалып, түрлі жарақаттармен келеді. Аяқ-қолдарында сау жерлері жоқ. Жейде, шұлық, іш киім сияқты заттарды апарып жатырмыз. Улы газ ғой түтін, соның салдарынан олардың организмдарына қышқыл жетпей жатыр. Улы газды шығару үшін айран апарып беріп жатырмыз. Бірнеше штаб бар, барлығында адамдар үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істеуде.

«АМАNАТ» партиясының волонтерлері де бұл істен шет қалған жоқ. 5 тонна гуманитарлық көмек жинады. Аманаттықтар тек керек-жарақтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, эвакуация жұмыстарына 10 автобус жіберді. Тұрғындармен, өрт сөндірушілермен кездесті.

Сайрангүл ЖҰМАДІЛОВА, «АМАNАТ» ПАРТИЯСЫ ШҚO ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз кеше зардап шеккен отбасыларға, қазір қиын жағдайда жатқан жұмысшыларға көмек көрсету үшін көмек жібердік. Онымен қоса дәрі-дәрмек пен бірінші қажетті заттарды жібердік. Соның ішінде көз тамшылары, санитарлық майлықтар, дәретхана қағазына дейін бар. Біз оларға нақты не керек екенін уақытылы сұрап, уақыт кетірмей жіберіп отырмыз.

«АМАNАТ» партиясының өңірлердегі филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды. Өрт шарпыған аумаққа жақын елдімекен тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Олар үшін арнайы орындар дайындалған. Төтенше жағдай министрлігі жедел желіні іске қосты.