Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қостанай облысында табиғатты қорғау шараларына 7 миллиард теңге бөлінді

12.06.2023ж. 20:00
774
Қостанай облысында табиғатты қорғау шараларына 7 миллиард теңге бөлінді

Маман тапшы.Техника тозған. Еліміздегі орман шаруашылығының проблемасы оңтайлы шешілмей отыр. Өткен жылы алапат өрт болған Тобыл өңірінде де түйткіл көп. Орманшыға қандай жағдай жасау қажет? Қалың орманды қалай қорғап қаламыз? Өзекті мәселе жайлы өңір тілшілері өрбітеді.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Аманқарағайда болған алапат өрттен кейін аймақ шенеуніктері орман шаруашылығына көңіл бөлгені белгілі.Биыл табиғатты қорғау шараларына 7 миллиард теңге қаражат қарастырылған.Қомақты ақшаға алты өрт сөндіргіш көлігі, 30 трактор 34 бейнебақылау камералары сатып алынған көрінеді.

Қостанай іргесіндегі «Пригородное» орман шаруашылығына әлгі су жаңа трактордың бірнешеуі бұйырыпты. Және өзге де керек-жарақ заттар жаңарған. Алайда қалың орманды қызыл жалын құрсауынан арашалау үшін ең керегі -өрт сөндіргіш көлік. Бұл шаруашылықта 5көлік бар екен.Бесеуі де тозған. Тағы бір мәселе- маман тапшылығы. Жастар жалақысы аз жұмысқа барғысы жоқ.

Ерлан ӘБЕНОВ, ПРИГОРОДНОЕ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Пенсияға шыққан кісілер бар. Сол кісілер бізде істеп жатыр. Өйткені қызметкерлер қазір тапшы, жетіспейді.Ол енді жалақының аздығынан. 40 пайыз жалақыны көбейтті. Бұрын 2022 жыл орташа жалақы 80-90 мың теңге болса енді бүгінде 150-155 мыңға жетті.

Алапат өрттің алдын алу үшін қызметкерлер қауіпсіздік шараларын күшейтіп, орман шетіндегі жерлерді жырту жұмыстарын жиі жүргізіп жатыр. Шектеулер мен ескертуді елемей, орманда от жағып қауіп төндіретіндер азаймай тұр,- дейді орманшылары.

Болатбек ТАБЫЛДИН, ПРИГОРОДНОЕ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Темекі шегеді. От жағады.Тамақ пісіреді деген сияқты.Ондайларға біз әкімшілік жауапкершілік жөнінде хаттама тапсырамыз да, айыппұл салынады. 17250 теңге 5 мрп. Осы жылда 3 хаттама толтырдым.

Орманшылар 19 мың гектардан астам алқапты күні бойы күзетіп, қауіптің алдын алу шараларын қалтқысыз атқарады. Мұндай сәтте мұнараның да рөлі зор.Биік нысанды биыл жөндеуден өткізуге де ақша бөлініпті.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Облыс көлемінде он бір орман шаруашылығы бар.Табиғи ресурстар және оны пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне жүгінсек шаттық қызметкерлер саны 226 адамға көбейген. Орманшылар айлығы 57 пайызға артқан. Ал жаңарған техникалық база 90 пайызға жуықтаған. Тобыл өңіріндегі қазіргі ахуал осындай. Керекудің жағдайы қалай?Әріптесім Өзгеріс Қуанар өрбітеді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Ал Павлодарда мұндай проблема жоқ. Абай облысындағы өрттен де өңірге қауіп жоқ дейді мамандар. Десе де, өрт бола қалса, сақадай саймыз - деп отыр.

Көрші өңірдегі өртті сөндіруге құтқарушылар жіберілген. Олар өрттің шығу себебін анықтап, зертханалық жұмыстар жүргізіп жатыр.

Жасұлан ЖҰМАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бородулиха ауданы Семейдің қасында. Былай айтқанда 300-ден астам км. Бізге қарай келе жатса, мына екі облыс аралығындағы жоспарларымыз бар. Бір-бірімізге сағат сайын ақпарат беріп отырамыз. Бізге қарай өрт болып жататын болса, біздер әзірленеміз.

Ал «Ертіс орманы» резерватында бақылау күшейген. Мұндағы Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылығында 6 бірдей бақылау бекеті қойылған. Онда мамандар күні түні кезекшілік атқарады.

Арман БЕКТЕМІРОВ, «ЕРТІС ОРМАНЫ» РЕЗЕРВАТЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Барлық бақылау бекеттерінде 75 текше метрлік су құятын бөшкелер қойылған. Барлық орман шаруашылықтарында өрттің алдын алуға арналған шаралар қарастырылған. Су алатын құдық, су тартатын насостар, бензинмен жұмыс істейтін генерторлармен қамтылған. Жеке құрам арнайы киіммен толықтай қамтамасыз етілді. Қажетті құралдар жеткілікті. Техника, маман тапшылығы жоқ.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Биыл өңірдегі орман шаруашылықтарында 6 өрт оқиғасы тіркелген. Оның үшеуі найзағайдың түсінуінен болған. Салдарынан 40 гектар аумақ отқа оранды.