Төреғали Төреәлінің адвокаты Эльнура Кишкенебаева әншінің құқығы бұзылғанын, өнер иесі өрескел қате жасамағанын жеткізді. Бұл туралы адвокат Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатта айтты.
Әншінің қорғаушысы Эльнура Кишкенебаева азаматтық құқықбұзушылық болғанын айтты.
"Менің қорғауымдағы азамат Төреғали Төреәлі Қызылорда қаласына бару үшін ұшаққа асыққан, сондықтан жылдамдықты асырған. Соны байқаған полиция қызметкерлері байқап, тоқтатқан. Алайда Төреғали тоқтап оларға ескерткен. Қызылордаға бара жатқанын, мүгедек қызының еміне үлгеруі керектігін айтқан", - дейді адвокат.
Қорғаушының айтуынша, көлікті тоқтатқан кезде полиция қызметкерлері тарапынан күш көрсетілген.
"Көлікті тоқтатқан кезде Төреғали қорғаушысына, яғни бізге хабарласқан кезде полиция тарапы Төреғалиға ондай мүмкіндік бермей, оны көлікті отырған жерінен сүйреген. Оны сүйреп, жұлқылап алып шыққан кезде Төреғалидің басы жерге тиіп, миы шайқалған. Халық алдында бір қылмыскерді ұстағандай көзқарас тудырды. Сол автокөлікте жұбайы да отырған. Полиция қызметкерлері жұбайының отырғанына қарамастан, жұбайы жақтағы есікке келіп, оның үстінен аттап, Төреғалиді көліктен итеріп шығаратын іс-әрекет жасаған. Қорғаушыға хабарласуға ешқандай мүмкіндік бермеген. Біз Төреғалиді тапқан кезде жағдайы өте ауыр, нашар күйде болды. Ешқандай алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген, біз оны алып кетуге мәжбүрміз деген кезде олар өз көліктерін жедел-жәрдем көліктерінің алдына қойып, бізді жібермеуге әрекет жасады", - дейді адвокат.
Айта кетейік, кеше Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған болатын. Кейінірек оның есірткіге мас болып ұсталғаны белгілі болды.