Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Ұн өндіретін 270 кәсіпорынның үштен бірі ғана қалды" – депутат

16.06.2023ж. 20:00
935
"Ұн өндіретін 270 кәсіпорынның үштен бірі ғана қалды" – депутат

Отандастарымыз сырттан келетін өнімді тұтынуға мәжбүр. Ірімшік, шұжық, қаймақ, тіпті сүтті де көрші елдерден әкелеміз. Кәсіпорындардың өндірістік қуаты жеткіліксіз, мемлекет оларды шикізат өңдеуге ынталандырмайды. Мысалы, бидай, ұн, макарон өнімдеріне салынатын қосымша құн салығының көлемі бірдей. Елдегі ауылшаруашылық мәселелері бүгін сенататта талқылады.

Дүкен сөрелерінде отандық өнім аз. Өзімізде шығатын азық-түлік түрлерінің көбін көршілес елдерден әкелеміз. Себебі шикізатты өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Осыдан 15 жыл бұрын ұн өндіретін 270 кәсіпорын болса, қазір оның тек үштен бірі қалды дейді сенатор.

Зәкіржан КУЗИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Осындай жағдайда біз екі шешімнің бірін қабылдауымыз керек, яғни халықаралық нарықтағы позициямызды қалпына келтіру немесе астықты тереңірек өңдеуге көшу қажет. Астық өңдеудің бірінші кезеңінде біз жарма, ұн және басқа да өнімді аламыз, мұны көптеген өңдеуші іске асырып келеді. Атап айтқанда, біздің өндірушілерді астықты тереңірек өңдеуге ынталандыру қажет. Осы орайда витаминдер, тағамдық қоспалар және өзге де өнімдерді өңдеуге болады.

Ал ауылшаруашылық министрінің айтатын уәжі - шикізаттың сапасы төмен. Ал шұжық, консерві сияқты тамақ түрлерін шығару қымбатқа түседі дейді. Дүкен сөрелерінде сатылып жатқан азық-түліктің тек 60 проценті ғана отандық.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Алдағы екі жылға 50 тауарлық сүт фермасын құруға қосымша 113 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қадамдар екі жыл ішінде ел өңірлерінде 115 ірі тауарлық сүт фермасын құруға және отандық сүт зауыттарын жеткілікті көлемде сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті 573 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бар өнімді өңдеу үшін кәсіпорындарды қолдайтын мемлекетте бағдарлама аз, қолайлы жағдай да жасалмаған дейді Сенат төрағасының орынбасары. Мысалы, ұн шығаратын кәсіпорын мен макарон өнімдерін шығаратын зауытқа салынатын қосымша құн салығының мөлшері бірдей. Сондықтан кәсіпкерге, ұнды макаронға айналдырудың тиімділігі жоқ.

Жақып АСАНОВ, ҚР СЕНАТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әрине, мұндай жағдай өнімді терең өндеуге ешкімді ынталандырмайды. Ет өнімдеріне келсек, проблема көп. Ең маңыздысы ол ветеринарлық қауіпсіздік. Бұл жағдай үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

Жыл соңында жұмыртқаға жетіспеушілігі болуымыз мүмкін. Себебі құспен айналысып отырған кәсіпкерлер субсидиядан қағылған. Жауапты министрлік мәселенің алдын аламыз дейді.