$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар облысында бүтін бір ауыл өзен суын ішіп отыр

16.06.2023ж. 20:00
1880
Павлодар облысында бүтін бір ауыл өзен суын ішіп отыр

Павлодар облысында бүтін бір ауыл өзен суын ішіп отыр. Өйткені, елдімекенде тіршілік нәрін алатын басқа жер жоқ. Ескі құдық тартылып қалған. Ал өздері құдық қазып алайын десе, жақыннан су шықпайды. Тұрғындар әкімдік табалдырығын тоздырғанмен, нәтиже шықпапты. Себебі, халық саны 50 адамнан төмен болғандықтан, су тартылмайтынын айтқан. Амалы таусылған ағайын арнамыздан араша сұрады. Мәселенің мәнісін осы ауылға арнайы барып келген тілшіміз сабақтайды.

Май ауданына қарасты Жаңатілек ауылында 40-тай ғана тұрғын бар. Көпшілігі су болмағандықтан, көшіп кетіпті. Қазір бар жоғы 9 үй қалған.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Жаңатілек ауылында мүлдем су жоқ. Тұрғындар тіршілік нәрін өзеннен тасып, ішіп отыр. Мұнан мал да, адам ба су ішеді. Тұрғындар суды күн сайын шелектеп тасуға мәжбүр.

Қайырбек ШАМСҮЛЕЕВ, ЖАҢАТІЛЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне, біздің ішіп жатқан су осы. Бізде ішеміз, малда ішеді. Сапасы туралы білмейміз. Әйтеу ағынды су болғандықтан, алып ішіп жатырмыз. Басқа су жоқ ішетін.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын суды құдықтан алған. Бірақ, соңғы 30 жылда құдық суы тартылып қалыпты. Ал өздері қазып алайын десе, жақыннан су шықпайды.

Еренғайып БОРАКОВ, ЖАҢАТІЛЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Су міне тартылып іргемізге келіп тұр. Міне, трассаның жиегінде су келіп тұр. Соны осы ауылға кіргізбейді. Өзненнен су алып ішеміз. Оның сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тіршілікте су ішу керек ғой. Ол қандай? Болмаған соң ішеміз. Не істейсіздер? Малда содан ішеді. Адамда содан ішеді.

Ал аудан әкімі ауыз су мәселесін шешу қолдан келмейтініН айтады. Өйткені, халық саны аз болғандықтан, су құбырын тартуға қазынадан қаражат қарастырылмаған.

Ағыбай ӘМІРИН, МАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Депутатар оның ішінде мәслихаттың төрағасы осы мәселе бойынша әңгімелескенбіз. Бір барып, ауылдың қалталы азаматтарын жинайық, басын қосайық. 5-6 қалталы азаматтар бар. Соларды сұрайық. Қазақта жақсы мақал бар ғой. Көп түкірсе көл болады деген сияқты. Иә, ол мәселе бар. Сол жерден ұңғыма қазып берсе дұрыс болар еді.

Өңірде таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95 процентке жеткен. Алайда, 54 елдімекен әлі күнге дейін тіршілік нәріне жарымай отыр.

Ержан САЛХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ауылдық елдімекендерге 15 млрд-тай қаражат қарастырылған. Ол 27 жоба бойынша. Биылғы таңда біздің жоспар бойынша 27 жобаны іске асырамыз. Соны асырғаннан кейін біздің сумен қамтамасыз ету деңгейі 98 ге дейін жететін болады.

Алайда, тұрғындар мен шенділердің бұл есебі сәйкес келмейді. Таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 процентке жақындаса да, жұрт әлі өзен суын тұтынуға мәжбүр.