Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде қару сататын дүкендердің сөрелері бос тұр

AstanaTV
27.10.2016ж. 20:00
4183
Ақтөбеде қару сататын дүкендердің сөрелері бос тұр

Ақтөбеде қару-жарақ сататын дүкен сөрелері босап қалған. Құқық қорғау органдары атыс қаруларын уақытша жасырып қоюға нұсқау беріпті. Бұл жайында "Астана" арнасына қару-жарақ дүкенінің өкілі айтты. Сауда орындары болса полицияның жедел басқару орталығына қосылған бейнекамералар арқылы бақылауға алынған. Ал "қару сататын нысандарды тұрғын үйлерден көшіру керек" деген ұсыныс кәсіпкерлер тарапынан қолдау таппай отыр. Республикалық қару дүкендері қауымдастығы өкілдерінің мәліметінше Қазақстанда 60 тан астам қару сататын дүкен бар.

Дүкендердің қазіргі сиқы осы. Бұрынғы самсап тұратын мылтықтардың орнына көрнекі суреттер ғана ілінген. Полицияның талабын орындаған кәсіпкерлер сауданы тоқтатпаудың амалын осылайша жасап отыр. Қауіпсіздік шарасының қолға алынуы "лаңкестік жасады" деп айыпталғандардың сотына тікелей байланысты.

Нұрлан Берденов, қару-жарақ дүкені директорының орынбасары:

Сот бойынша әкімшіліктің өтініші болды, қаруларды алып тастаңдар деп. Сол, уақытша алып тастадық. Бірақ та саудамыз әлі жүріп жатыр. Енді, заң бойынша қалай сату керек қаруды, солай сатып жатырмыз. Енді шамалы басылғаннан кейін қайта шығаратын шығармыз.

Маусым айында қару-жарақ, оқ-дәрі сатылатын дүкендерге шабуыл жасалып, кездейсоқ адамдар оққа ұшқаны белгілі. Осыдан соң қауіпсіздік үшін мұндай сауда орындарын тұрғын үйлерден аулаққа, дербес ғимараттарға көшіру керек деген ұсыныстар айтылды.

Марат Қойлыбаев, Ақтөбе облысы әкімі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі:

Қару сататын магазиндер халық тұратын үйлердің астында орналасқан. Олай болмайды - ол қару сататын магазин. Ертең жарылыс болса қалай болады? Ондай дүкендер жеке, бөлек қала сыртында орналасып, күзеті қатаң түрде қадағалануы керек деп санаймын. Өйткені, қарудың аты қару.

Осы мақсатта Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп шұғыл түрде Парламентке жөнелткен. Алайда, бизнес өкілдерінің де айтары бар. Олардың пікірінше, бұл ұсыныс қабылданса, кәсіпкерлерді көлденең шығынға батырады.

Дидар Боранқұлов, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ақтөбе облыстық бөлімінің өкілі:

Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін дұрыс, бірақ кәсіпкерлердің көзқарасымен қарайтын болсақ, көптеген мәселе туындайды. Жер учаскесін таба білу керек. Ол жер учкескесіне инфрақұрылым тарту керек. Бұл, әрине, қаржы құралдарын қажет етеді, несие және басқа да. Екіншіден, мерзім керек. Бұл аралық кәсіпкерлер үшін белгілі бір шығындарға әкеліп соқтырады. Ол несие қаражаты болсын, пайыздық үстемелер. Сол нысанды салып, өндіріске қосқанша кәсіпкер табыс көзінен айырылады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша елімізде шамамен 60 шақты қару-жарақ сататын дүкен бар. Олардың барлығын қала сыртына көшірсе, әрқайсының құрылысына кемінде 40 млн теңгедей қаражат керек екен. Ал, Ақтөбедегі саусақпен санарлық қару жарақ дүкендерін көшіру туралы мәселе өткір қойылар болса, әкімдік жер  бөлуге дайын.

Ұшқын Мыңбаев, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Егер мемлекет қабылдап, қару жарақ сататын дүкендер тысқары, қаладан тыс жерлерге көшіру мәселесі көтерілетін болса, әрине, ондай жағдайда жер учаскесін тауып беруге дайынбыз, шешеміз мәселесін. 

Сонымен таразының бір басында қауіпсіздік, ал екінші басында кәсіпкерлердің табысы. Қайсысының қолдау табарын депутаттар анықтайды. Айта кетейік, экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері туралы Заң жобасына өзгерістер енгізу бойынша құжат бірінші оқылымда мақұлданған. Оған сай, қару-жарақ сататын нысандар тиісті талаптарды орындауы тиіс. Қажет болған жағдайда, басқа ғимаратқа көшуі немесе жаңа нысан салуы қажет. Ол үшін 18 ай уақыт беріледі. Сондай-ақ заң жобада ешқандай өтемақы қарастырылмайтыны айтылған.