Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Әйелдің орны үйде ме, түзде ме?

19.06.2023ж. 20:00
575
Әйелдің орны үйде ме, түзде ме?

«Әйелдің орны – үйде. Қыз-келіншектерге жұмыс істеуге болмайды, түзде жүру – қыз балаға жат». Әлем сәт сайын өзгеріп жатса да, әлі күнге дейін осы пікірді ұстанатындар көп. Олар отанасының міндеті ас үйде тамақ істеп, бала мен күйеудің жағдайын жасау деп біледі. Ал, бір қолымен бесікті, екінші қолымен жұмыс істеп жүрген жандар мұнымен келіспейді. Осындай таптаурынның кесірінен зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер саны көбейіп барады - дейді. Әйел құқығын қалай қорғаймыз? Аружан Задабектің материалы.

Елімізде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – күн тәртібінде тұрған проблеманың бірі. Әсіресе пандемия тұсында оның әбден өршігенін көз көріп, құлақ естіді. Әйелдер бұл тақырыпты ашық айта алмайды. «Ұят болады», «жұрт не дейді» деп іштен тынады.

Айгүл ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл туралы Орталық Азияның әйелдері сөйлегісі келмейді. Бұл табу сияқты. Ол тақырыпты көтергісі келмейді. Бірақ оны көтеру керек. Елімізде жантүршігерлік жаңалықтарды көріп, естіп жатырмыз.

Бұл мәселе біздің ғана емес, біраз елдің бас ауруына айналған. Түрлі шаралар қабылданып жатса да, «қатігездер» саны азаяр емес. Әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады десем сенесіз бе? Жағаұстатарлық статистиканы БҰҰ жариялады. Сорақысы, олардың 40 проценті ғана бұл туралы ашып айтқан. Ал, салт-дәстүрі мен ұстанымы Қазақстанға ұқсас көрші Қырғызстанда әйел құқығы қалай қорғалады?

Гулнор МАРУФОВА, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ СЕНАТЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Зорлық-зомбылыққа қатысты Қырғызстанда заң күшейді. Бізде 10 заң мен 58 кодекс осы бағытқа арналған. Балаларға, әйелдерге күш көрсеткендер жазөасын өтейді. Тәртібіне қарай ерте босату деген болмайды. Жазасын өтеп шыққаннан кейін білім беру саласында, балаларға қатысты мекемелерде жұмыс істей алмайды.

Зорлық-зомбылыққа көбіне оқымаған әйелдер ұшырайды. Бұған полицейлер жүргізген сауалнама- дәлел. Осыдан келіп әйелдің орны үйде, оларға білім қуудың қажеті жоқ – дейміз. Әрине, отанасы үйдің берекесі екені даусыз. Бірақ, күнін тек ас үйде өткізу дұрыс емес – дейді мамандар. Айтуларынша, қыз-келіншектердің бойында әлемді төнкеріп жіберетіндей күш-қайрат пен ақыл-ой бар. Ал, оны дұрыс бағытта пайдаланбау күйзеліске ұшыратады.

Әсем КЕНЖЕБЕК, КӘСІПКЕР:

Біздің ауылдың қыздары, әйелдері ешқандай қаланың әйелдерінен қалып тұған жоқ. Оны өз көзімізбен көріп жатырмыз. Оларға кішкене ғана көмек беру керек. Цифровизация болсын, мемлекеттік программамен көмек болса, біздің қазақтың қыздары мықты!

Елдегі халықтың 51 проценті – әйел. Қоғам үздіксіз даму процесіне түскелі ерлер мен әйелдер үшін норма саналатын құқықтар һәм міндеттер, дәлірек айтсақ, гендерлік рөлдер біраз түрленді. Сондықтан болар, қоғамда дәл осы тақырып қызу талқыға ұшырайды. Жүргізілген статистикалық деректерге сенсек, 2006 жылы Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 32-орынды иеленіп, дамыған 30 елдің қатарына жақындаған. 15 жылды араға салып Қазақстан 80-орыннан бір-ақ шықты. Былтыр 65-орында болған.

Элиза ФЕРНАНДЕС, «БҰҰ-ӘЙЕЛДЕР» ҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ ЕУРОПА ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЙМАҚТЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әйелдер арасында шешілмеген мәселе көп. БҰҰ осындай күрделі тақырыптарды көтереді, шешу жолдарын іздейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық болсын, гендерлік теңсіздік осылардың барлығын назарда ұстаймыз.

Гендерлік теңдік, әйел құқығын қорғау. Бұл мәселелер қашанда өзекті. Осылай деген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қыз-келіншектердің ел дамуына қосып жүрген үлесі зор - дейді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік мәселеге ерекше назар аударады. Әйелді қорғау мәселесін жиі көтереді. Мемлекет басшысы үнемі елдің дамуына әйелдердің қосар үлесі зор екенін айтып отырады. Орталық Азияда әйелдер ақпараттық-коммуникациялық технологияларды әзірлеуге белсенді қатысып жатыр. Мысалы, олар «әйелдердің ісі емес» деген таптаурындарды жоққа шығарып жүр.

Еңбекақы мәселесінде де айырмашылық бар. Ерлердің орташа жалақысы негізгі жұмыс топтарындағы әйелдерге қарағанда едәуір жоғары. Мысалы, ер басшылар әйел менеджерлеріне қарағанда 12 процент жоғары жалақы алады. «Кәсіби мамандар» тобындағы әйелдердің көп болуына қарамастан, олардың жалақысы ерлерге қарағанда 29 пайызға аз. Ең үлкен алшақтық «өнеркәсіп, құрылыс, көлік жұмысшылары» тобына тиесілі.