Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

«Волонтерлердің еңбегі әрдайым жоғары бағалануы керек», - Президент

21.06.2023ж. 20:00
837
«Волонтерлердің еңбегі әрдайым жоғары бағалануы керек», - Президент

Волонтерлер - адамзаттың элитасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында осылай деді. Мемлекет басшысы отаншылдықтың жарқын көрінісін көрсетіп жүрген еріктілерді үнемі қолдайтынын айтты. Арнайы грант бөлінеді. Техникалық және кадрлық әлеуеті күшейеді. Маңдай теріне теңге сұрамайтындарға мемлекет тағы қандай жағдай жасайды? Әріптесім Аружан Задабек айтады.

Расында, жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білдік. Бұған елде орын алып жатқан түрлі оқиға дәлел. Президент осындай ерікті ерлердің еңбегі әрдайым жоғары бағалануы керек – деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еріктілердің рөлі айрықша. Бүгін,де олар қоғамның түрлі саласында белсенді жұмыс істеп жүр. Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды. Біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны үш есеге өсті. Яғни, 680 ұйым бар. Еріктілер саны 200 мыңға жетті.

Өткен аптада Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Президент сол жиында да отаншылдық, адамгершілік, жанашырлық секілді құндылықтар бәрінен биік тұруға тиіс – деді. Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын айтып, еріктілерді қолдауға шақырды.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Осыдан біраз жыл бұрын волонтерлерді тегіннен тегін, айтқанға көнетін, айдауға жүретін адам деп ұққанымыз жасырын емес. Тіпті, арамызда еріктілерді еріккендер деп атайтындар да болды. Бірақ елде төтенше жағдай орын алғанда волонтерларға деген ой да, көзқарас та өзгерді. Негізі қазақта волонтер деген ұғым болмағанымен, қарекеті ұқсас әрекет әуелден бар.

Арай БЕРЖАНОВА, «РАЯН» ЕРІКТІЛЕР ТОБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұрын енді волонтерлыққа көп акцент салынбайтын еді ғой. Қазір, міне, волонтерлықты барлығы елеп жатыр, ескеріліп жатыр. Қазір көбісі түсініп жатыр да. Еріктілік ол еріккеннің ермегі емес екенін дәлелдеп жатыр. Бүгін жастар да көп форумға келген. Жан-жақтан келіп жатыр, барлығымыз танысып жатырмыз.

Еріктілерді бір-бірімен таныстырып, қауыштырған форумға 34 елден 400-ден аса делегат келді. Олардың арасында жас та, жасамыс та бар. Бәрі қайырымдылық көшінен қалмай келеді. Ғұмырын өзгелерге жәрдемдесуге арнаған жандар бар құрметке лайық. Адамзаттың асылы деген атқа сай.

Ширин АБИДОВА, ӨЗБЕКСТАН ВОЛОНТЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің тіліміз, ұстанымыдарымыз бен салт-дәстүріміз ұқсас. Тіпті, елдерімізде орын алып жатқан мәселелер де ұқсас. Егер біз бірігіп жұмыс істесек, волонтерлерді бір арнаға тоғыстырсақ көп проблемалардың алдын аламыз.

Иә, шетелден келген волонтерлер бірлесіп жұмыс істеуді қолдайды. Осы арқылы жүйелі жұмыс атқаратындарына сенімді. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Қонақтар да ізгіліктің көшін жалғауға дайын.

Эмилия АСАДОВА, БҰҰ ЕРІКТІЛЕР БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ АЙМАҚТЫҚ САЯСАТ МАМАНЫ:

Бізге бірігіп жұмыс істеу керек. Волонтерлер - біраз мәселені шешуге күштері жететін адамдар. Демек, бүкіл әлемдегі еріктілердің басын қосып, бір жүйеге келтірсек, онда бұл салаға құрмет артады. Біз қазір олардың санын ғана білеміз. Ал, атқарып жатқан игі істері туралы нақты дерек жоқ.

Халықаралық волонтерлердің жөні бөлек. Ал, Қазақстандық еріктілерге мемлекеттік сақтандыру қажет. Олар түрлі оқыс оқиғаларда қауіпке бас тігеді. Сондықтан жанашыр жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды. Не дегенмен ұлттың басты құндылығы – адам. Ол Ата Заңымызда да анық жазылған.

Вера КИМ, ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз орталық атқарушы органмен жұмыс істеп, тиісті оқыту курстарынан өтіп, сертификат алғанын қалаймыз. Осы кезеңдердің барлығынан өткеннен кейін апат салдарын жоюға ат салыса алады. Кейін мемлекет тарапынан тиісті сақтандыру алу құқығына ие болады.

Осыған дейін ел волонтерлері Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Еріктілерге алдағы уақытта да ерекше көңіл бөлінеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еріктілердің еңбегі әрдайым жоғары бағалану керек деп санаймын. Сол себепті елімізде «Жыл волонтері» сыйлығы белгіленді. Бұл марапат белсенді еріктілерге беріледі. Сонымен қатар, ерен еңбегімен көзге түскен ерніктілер жыл сайын «Шапағат» медалімен марапатталды.

Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.