Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Астанада «Денің сау болу - сәнді» акциясы өтті

26.06.2023ж. 20:00
635
Астанада «Денің сау болу - сәнді» акциясы өтті

Бүгін халықаралық есірткімен күрес күніне орай Астанада «Денің сау болу - сәнді» акциясы өтті. Мамандар емдеуден гөрі кез келген аурудың алдын-алу оңайырақ дейді.

Елімізде 18 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Елорданың өзінде психикалық денсаулық орталығында мыңға жуық нашақор есепте тұр. Сондай-ақ, оны тасымалдаушылардың да саны күннен күнге көбеюде. Оның дені -кәмелет жасқа толмағандар. Наша шегетіндердің көбі- жиырма бір мен жиырма сегіз аралығындағы жастар. Ішкі істер министрлігі есірткінің қай түрі болса да қауіпті екенін ескертті.

Бақытжан ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Есірткінің жеңіл түрлері бар деген қате түсінік. Дәрілерге тәуелділік, трамодол және басқа болсын, ол гашиш, марихуана немесе героин болсын, есірткінің жеңіл түрі жоқ. Бірақ ең қауіптісі - синтетика. Адамдар бір рет тұтынғаннан бастап есірткіге тәуелді болады. Кейіннен тәуелділіктен арылу өте қиын.

Мамандар "мәселенің шешімі -есірткінің алдын-алу және тәуелділікке бейім жастармен жұмыс жасау" дейді. Қазір синтетикалық есірткі тұтыну белең алған. Себебі, ол - қолжетімді, бағасы- тиімді.

Бақытжан КОЙШИН, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Есірткі - жаһандық проблемаға айналды. Қазір есірткінің түрі көп. Әлеуметтік желіде нашаны еркін саудалап жатыр. Бұл болашағымызға үлкен қауіп төндіреді. Бұны барлығымыз білеміз. Алдын алудың ең негізгі әрі тиімді жолы - халықпен жұмыс жасау.

Есірткі тұтынған адамның жүйке жүйесі, жүрек және бауыры қатты зардап шегеді. Ұзақ уақыт пайдалану ішкі ағзалардың жұмысын бұзады. Есірткіні қабылдауды тоқтатқаннан кейін депрессия, қатты шаршау және ұйқышылдық басталады. Ағзаны қалпына келтіру үшін уландырғыш затты қайтадан қолдану керек болады.

Анар ТАСТЕНБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИСПАНСЕР БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бүгінгі өткізіліп жатқан шара өте маңызды, өте керек деп ойлаймын. Себебі, Өмірді қысқартады, Психикалық және физикалық денсаулыққа үлкен зиян келтіреді. Денсаулық өте маңызды. Соны насихаттап жатқан шара болып жатыр.

Жыл басынан бері қалалық психикалық денсаулық орталығында шамамен 234 науқас стационарлық емдеуден өтті, оның 16% - ы ремиссия бойынша есептен шығарылды. Сонымен қатар биыл екі жарым мың есірткі сайты бұғатталған.