Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Дөп сөз

AstanaTV
15.10.2016ж. 20:00
2828
Дөп сөз

 «Дөп сөз» айдарының кейіпкері Дәулет Серікбай. Торғай даласының азаматы. Мал шаруашылығымен айналысатын жігіт ғаламторда ауылдың мәселесін жиі жазады. Мақсаты атағын шығару емес, жоғарыда отырғандарға елдің жәйін жеткізу.  

«Біз сөздің турасын жақсы көреміз. Қазір Мәдениет министріне қатысты мәдениетсіз сөздер айтылып жатыр. Абыройлы кісілер екі топқа бөлініп, бірін бірі бас салып талағалы тұр. Сыйлы кісілер сөйлеп қаламыз деп, сүйкімін жоғалтып жатыр. Ақиқатын «ана жақ» біледі. Кім не айтса да.

«Газетті ашып қалсаң, әншілер мен министрлер  «зібезда» боп тұр. Жарың болайын деп бойдақ қыздарға мәдениетті сөз айтсаң да байбалам салады. Қазір үндемей отырсыңдар. Кейін министр боп кетсем «ойбай, кезінде маған өйткен-бүйткен» деп жала жабатын шығарсыңдар. Сендермен байқап ойнау керек.»

Мұны жазған Дәулет Серікбай деген жігіт. Жол түсіп Астанаға келген. Тілдесіп көрсеңіз...даланы сағынасыз. Ауылдың иісі аңқып тұрады.

Дәулет Серікбай: Қала да өзіміздің жер ғой енді. Қазақтың жері. Ауылдан келген жастар қалада емін-еркін жүру керек. Мен өзім мысалы қалаға келгенде қысылып жүрем.  Жан-жағымның бәрі орысша.

Ауыл халқы дәрігер мен дәрінің қандай болатынын ұмытқан. Жұмысты күтіп-күтіп, келмегесін қалаға өздері іздеп кетті.

Дәулет ауылдың мәселесін көп жазады. Өзі мал шаруашылығымен айналысады. Фейсбукта ат шығарайын деп, атақ жинау үшін отырмаймын дейді ол. Мақсаты ауыл проблемасын былғары креслодағылардың құлағына жеткізу.

Дәулет Серікбай: Ауыл туралы айтқанда мәселелерді аспаннан алмаймын. Өзім көріп, естіп жүрген мәселелерді айтамын. Ондағы мақсатым өзімді танытайын, атақты болайын деп емес. Өзім кішкентай адаммын ғой.

Арқалық қаласының мәдениет үйі жөндеуге жабылғанына 6 жыл болды. Мәдениет үйін жөндей алмай кеткен 4 әкімді қалай жіберді екен. Сірә үйлері көп, мәдениет үйі жоқ қала боп тұрмыз.

Киім тігіп қатырмасақ та, галстук тігетін зауыт ашуымыз керек. Бізде шенділер көп қой.

«Қойшы көп болса қой арам өледіні» айтып отыр бұл жерде. Бір ескертетініміз, Дәулет ешқашан тапсырыспен жазған емес. Ол көргенін ғана жазады, шабыты келгенде әрине.

Дәулет Серікбай:  Шабыт әртүрлі жағдайда келеді енді. Көңілденген кезде, біреумен ойнағың келген кезде. Күйінгенде келеді ғой шабыт. Біздің Торғайдың қойларына дейін батыр ғой шіркін... Астаналықтар үшін құрбан болуға дайынбыз деп, Торғайдың қойлары кеп тұр дейді. Айтып қояйын, Торғайдың қойлары өздерін жұмаққа шығарып салғандарды жұмақта күтіп алады.

Әзіл-қалжыны аралас жазба. Дәулетті ауылдың маңайынан шыға алмай қалған айтқыш деуге келмейді. Ол өзекті мәселелерді де өткір жазады, астарлап айтады.

«Бұрын ауылдарға АН-2 деген ұшақ ұшатын. Қазір ұшпайды. Қазір басқа самолеттер. Оны көрген кішкентайлар «Самолет, самолет, бізді өзіңмен ала кет!» деп шу етеді. Қайдан білсін ол ұшаққа билет алып міну үшін қорадағы бар қойыңды сатсаң да жетпейтінін. Әсіресе, қазір.

Бір жылдың ішінде билет бағасын 50 пайызға өсіріп жіберген әуе компаниялары туралы айтып отыр. Дәулеттен жазушы, журналист болғыңыз келмей ме,- деп сұрадық... Қолын бір сілтеді.

 Болашақта мүмкін ақсақал болған кезде өзім ойларымды жинақтап шығарсам ба деп ойлаймын.»

Байқадыңыз ба? Шал болғанда емес, қартайғанда деп те айтпайды. Ақсақал болғанда деді. Қазір ақсақалдар азайып кетті ғой... Жақсы сөз жан сүйіндірер. Тағы да айтамыз, құрметті қалам ұстағандар, Сіз жазыңыз, хабарласыңыз. Біз халыққа ұсынайық. Есте жүрсін, көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!