Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Күшті, кәсіби және тәуелсіз БАҚ қана нақты идеологиялық егемендігімізді қамтамасыз ете алады", – Президент

27.06.2023ж. 20:00
631
"Күшті, кәсіби және тәуелсіз БАҚ қана нақты идеологиялық егемендігімізді қамтамасыз ете алады", – Президент

Отандық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейде белсенділік танытатын кезі келді. Бұл туралы Президент бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсыру кезінде айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медиа жаңа кезеңге қадам басқанын, қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі – Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі. Елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде мемлекеттің саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шара қабылдап жатқанын айтты. Сондай-ақ, президент отандық бұқаралық ақпарат құралдары азаматтардың сыни ойлауын дамытуға, қоғамдық пікірталас мәдениетін орнатуға көмектесуі керегін айтты.

Қасым Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде отандық журналистиканың елдегі және әлемдегі процестерге айрықша көзқарасы қалыптасты. Тек күшті, кәсіби және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары ғана біздің нақты идеологиялық егемендігімізді қамтамасыз ете алады. Сондықтан жаңалықтарды беріп қана қоймай, оқиғалар мен құбылыстардың өзара байланысын көрсету, ұлттық мүддемізге сүйене отырып сапалы аналитика әзірлеудің маңызы зор.