Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Халықтың 17 проценті ғана кітап оқиды

27.06.2023ж. 20:00
820
Халықтың 17 проценті ғана кітап оқиды

Еліміздің кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Әдеби туындылардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Президент ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды екенін Құрылтайда айтқан болатын. Оқырмандардың саны да көңіл көншітпейді. Статистика бойынша халықтың 17 проценті ғана кітап оқиды. Оқырмандардың санын қалай көбейтеміз? Әріптесім Сүндет Оралбеков тарқатады.

Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор. Бірақ, қоғамда қолына кітап алып, білім нәрімен сусындап жүрген адамдарды сирек кездестіреміз. Көбі уақыттың жоқтығын сылтау етеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Аз оқимын. Ерінемін ғой қысқасы. Ашығын айту керек.

- Жоқ оқымаймын вообще.

- Жылына бір рет оқимыз ба оқымаймыз ба білмеймін.

Жазушы Ауыт Мұқибек оқырмандар аз екенін айтады. Себебі, көптің көкейін ғаламтор торлаған. Сөзінше сатылым сөресіндегі кітаптар айлап, тіпті жылдап өтпейтін көрінеді. Жазушы кітапханалар мен дүкендер жетім баланың күйін кешіп қала ма деп қорқады.

Ауыт МҰҚИБЕК, ЖАЗУШЫ:

Интернет басып кетті ғой. Интернетте оқырман саны көп. Кітап оқитын адамдар жоқ деп айта алмаймын, бар. Қазір жеңіл-желпіге жүгіретін болды, тик-токқа жүгіретін болды. Мән-мағынасы жоқ нәрсеге адамдар үйір болып бара жатыр. Мен ойлаймын, бұл да бір мектеп басып өтуге тиісті. Бұданда адамдар жалығады. Бұданда зерігеді. Сосын барып кітапқа оралады деген сенімдемін.

"Кітап құрттары". Талғат Меңдібаев осындай ұйым құрып, кітап оқитын жастарды жинады. Қазір топта 200 оқырған бар. Олар түрлі жанрдағы шығармаларды оқиды, бірлесе талқылайды. Ол "оқырман санын арттыру үшін кітап бағасын түсіріп, кітапханалардың жұмыс уақытын ұзарту керек",- дейді.

Талғат МЕҢДІБАЕВ, "КІТАП ҚҰРТТАРЫ" КЛУБЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Кітапты автобуста оқуға тырысамын, көшеде оқуға тырысамын. Қолымда ұстап жүруге тырысамын. Өйткені қоғамда кітап ұстап жүрген ұят емес деген нәрсе болу керек. Бізде кітап ұстап қалса оқымысты болып кетіпсің деген келемеждеу болып кетті ғой. Ол шамалы кейін тартады. Бізде үлкендер жастар кітап оқымайды деп ренжиді. Бірақ олар кітап оқымайтын жастарды көреді. Кітапханаға барсаңыз, кофеханаға барсаңыз жастар кофесін ішіп отырып кітап оқып отырады.

Кітапханашылар да көпшілік кітап оқымайды деген пікірмен келіспейді. Өйткені өңірлердегі кітапханалардың өзіне күніне 20-30 шақты оқырман келеді. Бұл жақсы көрсеткіш дейді.

Мақтақыз ЖЕҢІСБАЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП-ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің оқырмандарымыз оқу залында бізде толып отыр деп айта алмаймын, алайда 10-15 адамнан отырады. Мысалы Тараз қаласының өзінде, әр залымызда отырады, мысалы Коворкинг залымызда жастарымыз толассыз, олар үзілмейді. Сонда оқырмандарымыз көп деп айта аламыз.

Дәрігерлер де кітап оқымайтын адамның ойлау және есте сақтау қабілеті нашар болатынын айтады. Бірақ таңнан кешке дейін үзіліссіз оқудың да зияны барын ұмытпаған жөн дейді. Күніне кітап оқуға 3 сағатты арнаса жеткілікті екенін айтты.

Меруерт БАУЛЫ, ДӘРІГЕР:

Кітап оқитын адамда нерв жүйесіндегі нерв талшықтарының байланысы өте жоғары болады. Өте жоғары дәрежеде ми жұмыс жасайды. Интелект жоғары болады. Кітап оқымайтын адамдардың ой өрісінің даму қабілеті төмен болады. Себебі ми жеткілікті түрде жұмыс жасамайды.

Білімсіз қоғам өрге баспайтыны анық. Кітап оқу мәдениеті, кітап оқу идеологиясы қоғам үшін ауадай қажет. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен құрылтайда тілге тиек еткен еді. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды ұсынды. «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды.