Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"AMANAT" партиясының араласуымен БҚО-дағы жер дауы сәтімен шешілді

27.06.2023ж. 20:00
919
"AMANAT" партиясының араласуымен БҚО-дағы жер дауы сәтімен шешілді

Батыс Қазақстан облысында жер дауы басылар емес. "AMANAT" партиясына арызын айтқан Сырым ауданындағы Тоғанас ауылының тұрғындары жайылымдық жердің тапшылығынан мал баға алмай жүргенін жеткізді. Бұл аздай шабындық жердегі шөптің де шығымы шамалы. Ауылдықтар мыңдаған гектар жерді иеленіп алған ірі қожалықтың кесірінен осындай қиын жағдайда қалып отырмыз дейді.

Тұрғындар соңғы екі жылда жайылымнан таршылық көргенін айтады. Өйткені бұған дейін мал жайған алқаптың қазір жаңа қожайыны бар. Енді шөпті қайдан шабарын білмей отыр. Ал жер иесі мұнда 88 мың Романов қойын өсірмек. Бірақ түлікті әкелмес бұрын алдымен жем-шөбін әзірлеу керек. Сондықтан мемлекеттен алған жерді екі жыл бойы өңдеп, дайындапты. Әйтпесе ауыл жерлері жыл санап азып барады, дейді мамандар.

Нұрбол МҰХАМЕДЖАНОВ, АГРОНОМ:

Жылдан жылға далалық шөптер азайып бара жатыр. Малын көбейтіп, бірақ азығын дайындамайтын болса, жұт болды ғой екі-үш жыл бұрын. Азық жетпеді малға. Атырау, Ақтау жақтарда. Оның бәріне ғылыми түрде келмейтін болсақ, онда болашақта үлкен проблемаға айналады. Сондықтан шаруа қожалықтары 100 гектар болсын, 200 гектар болсын, өңдеп мал азығын дайындаса үлкен пайдасы тиеді.

Бұл жобаның құны 28 миллиард теңге екенін айтқан кәсіпкер 10 мың гектар жердің бір бөлігіне құмай, арпа, күнбағыс, мақсары еккен. Бұл дақылдар мал азығы ретінде беріледі. Содан кейін мал ұстайтын қора салынбақ. Осылайша ауылдықтарды жұмыспен қамтимын дейді.

Амантай МУРЗАҒАЛИЕВ, КӘСІПКЕР:

Қазір біздің компанияда 40 адамдай істеп жатыр. 40 адамның ең аз зарплатасы біздің сторождан бастап, 150 мың теңге, механизаторлар орташа есеппен шабындық бітіргенде 500 мың теңге тек қана қолына алады. Оклады, пенсионный, бәрін қосқанда 650-670 мың теңге алады. Қиын, ешкім бармай тұр жастар.

Бір қызығы, ауылдықтар әзірге қомақты жалақыға қызықпай отыр. Одан да кеніште вахталық әдіспен жұмыс істеп, ауыл арасында таксилету тәуір көреді.

Азамат САФИМАЛИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

«AMANAT» партиясының алдында ұсыныс берілді. Мысалы, колледждер, Теректінің басындағы колледжбен жұмыс жасап, осындағы ауылдың азаматтарын механизаторлыққа оқыту көзделіп отыр. Неге десеңіз, мына проект - миллиардный проект.

Партиялықтар ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарымен келісімшарт жасауды ұсынды. Егер бәрі сәтімен іске асса, келер күзде «уәделі» қойды әкелеміз деп отыр.