ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, партия төрағасы Ерлан Қошанов форумның жұмысын өзі қорытындылады.
«Бүгін біраз әңгіме айтылды. Біздің – мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру. Бұл бағытта биліктің барлық тармақтарының ортақ ұстанымы, ауызбірлігі бар екенін бүгінгі Форум көрсетті деп ойлаймын. Осы ретте, Әлихан Асханұлы мен Ерлан Тынымбайұлына, баршаңызға тағы да алғыс айтқым келеді. Бүгін барлығыңыздың көкейлеріңіздегі ұсыныс-пікірлеріңізді жеткізуге мүмкіндік бар. Жоғарыда айтылғандай, қазір 11 панельді сессия басталады. Әр сессияда 250-300 адам қатысады. Ол жерде тиісті министрліктің басшылары болады. Өзекті сауалдарыңызды қойып, пікір алмасуға толық жағдай жасалған. Әңгімемізді сонда жалғастырайық. Баршаңызға тағы да алғыс білдіремін», - деді ол.
Форум күннің екінші жартысында панельдік сессиялармен жалғасады. Оған министрлер мен депутаттар қатысады.
Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінен Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция мүшелері саяси іс-шараға жиналды. Бүгінгі Форумға жалпы 2500-ден астам партияластар қатысып жатыр. Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері талқыланады.