Павлодарлық шаруалар қоймада
сақталған картопты өткізе алмай әлек. Бір ай ішінде өнім сатылмаса, олар қыруар
шығынға ұшырауы мүмкін. Тығырықтан шығу үшін қожалық иелері көкөніс бағасын
мейлінше арзандатып жатыр. Картоп 30-35 теңгеден босатылуда. Бұл жағдайдан
жергілікті билік хабардар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері
суармалы өнім өндіретін кәсіпкерлерді енді жем-азықтық салаға көшуге шақыруда.
Бұл қожалық картоп өсірумен бес
жылдай айналысады. Шаруалардың айтуынша, осы уақытқа дейін қоймада осынша көп
мөлшерде өнімнің қалып қойуы алғаш рет болып отыр. Қазіргі таңда қоймада 2 мың
тонна картоп жатыр. Бір айдың ішінде оны сатып үлгермесе, кәсіпкерлер қыруар
шығынға ұшыраймыз ба деп абыржулы.
Күзгі жиым-терімде қожалық мол
өнім алған. 1 мың гектар алқаптан 18 мың тонна картоп жиналды. Екі мың тоннасы
тұқымға сақталса, қалғаны сатылымға шыққан. Қожалық иесінің айтуынша, өнімге деген сұраныс жоғары. Батыс Қазақстан,
Астана, Алматы, тіпті Ресейге де саудаланған. Алайда, нарыққа қырғыздың арзан
өнімі келгелі жағдай күрт өзгерді. Амалы таусылған шаруалар бағаны төмендетуге
мәжбүр.
Еркін Әлмағамбетов, шаруа
қожалығы сақтау учаскесінің басшысы:
Бүгінде енді 30-35 теңгеден
жіберіп жатырмыз. Картошканы оңтүстік жаққа, алматы, Шымкент, атырау, Ақтөбе,
орал жаққа. Бағасы төмен енді. Өзінің құнынан да төмен болып тұр.
Байқағанымыздай, қожалықта
жұмыс қызып тұр. Қазір тұқымға сақталған картопты іріктеу басталған. Жаңа ауыл
елді-мекенінің тұрғындары бұл жерден тұрақты кәсіп тапқан. Басшылықтың
айтуынша, бүгінде 30-ға жуық адам еңбек етеді.
Жұмағыз Тезекбаева, картоп
іріктеуші:
Желтоқсаннан бері жұмыс
істеймін. Жұмыс ұнайды. Шаруашылықта бәрі жақсы. Уақытында еңбекақы береді.
Қалдықсыз жұмыс. Сонысымен ұнайды.
Картоп өсірушілердің өнімді
өткізуге келгенде қиындыққа тап болғанынан жергілікті билік хабардар.
Сондықтан, шенеуніктер тығырықтан шығудың өзіндің жолын ұсынып отыр.
Сәбит Қаратаев, Павлодар
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы:
Біз оларға келешекте кәсіптің
бағытын өзгертуді ұсынар едік. Яғни суармалы шаруашылықтан гөрі, табысы молдау
саналатын жем-азықтық бағытқа көшкен
тиімді деп есептейміз. Кейін тіпті мал шаруашылығын игерсе, құба-құп болар еді.
Десе де, шаруалар үйреншікті
ісінен қол үзіп, жаңа кәсіпті игеруге асықпайды. Қажет болса, қоймадағы бағаны
әлі де түсіруге әзір. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпарынша, былтыр
күзде өңір қожалықтары 400 мың тоннадан астам картоп жинаған. Бұл - бұрын соңды
болмаған түсім.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ