$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам көпқабатты үй тапсырылады – Жеңіс Қасымбек

AstanaTV
30.06.2023ж. 16:09
762
Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам көпқабатты үй тапсырылады – Жеңіс Қасымбек

Биыл Астанада 30-дан астам «сақалды» құрылыс аяқталады. Осылайша, 4 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерінің кілтін алмақ. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұзақ құрылыстарды аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Осыған дейін 150-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешенінің ішінде 120-сының құрылысы аяқталған болатын. Биыл 30-дан астам «сақалды» құрылысты аяқтаймыз. Оның әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Мысалы, «Тұран Сығанақ» тұрғын үй кешені 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Бұл үйдің блоктарының бір бөлігі бірнеше қабатқа ғана көтерілген болса, кейбір блоктарында жұмыс тіпті басталмаған да еді. «Арыстан блок 1» кешенінің құрылысы 11 жыл бұрын басталған, ал «Хазар» тұрғын үй кешенінің құрылысы үш қабат деңгейінде тоқтатылған. Мұндай мысалдар жеткілікті. Бірақ әрбір ұзақ құрылыс бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар», – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, шаһар басшысы құрылыс компаниялары заңнамада көзделген нақты талаптарға сәйкес келген кезде ғана үлескерлер қаражатын қабылдай алатынын атап өтті.

Атап айтсақ, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын тартуға болады.

Сондай-ақ, қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланады.