$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Бүгін - шетелдік көліктерді заңдастырудың соңғы күні

30.06.2023ж. 20:00
1280
Бүгін - шетелдік көліктерді заңдастырудың соңғы күні

Президент шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесіне де тоқталды. Бүгін - оның соңғы күні. Сондықтан қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының алды ұзын сонар кезек. Жұрт соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып жатыр.

Құжат рәсімдеуге келгендердің кезегі бірнеше шақырымға жетеді. Тіпті түннен бері тұрғандар да бар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен бір ай бұрын егов арқылы өтініш қалдырдым. Бірақ бүгінге тап келіп тұр. Мен кезекті түнгі бірде алдым. Әлі тұрмын. Кезегім келетін емес.

- Заңдастыру - жалпы халыққа мүмкіндік беру. Мемлекет халыққа көмектесіп жатыр. Бірақ ЦОНдар соншама адамға қызмет көрсетіп үлгермей жатыр.

Шетелдік көліктерді заңдастыру қаңтар айында басталды. Осы алты ай ішінде елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кірген көліктер тіркеуден өтті. 192 мың көлік қазақстандық нөмір алды. Оның он мыңы- құрастырмалы көлік. Ақтөбе облысында 19 мың көлік тіркелді.

Еркін ӨТЕГЕН, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бұдан басқа соңғы өзгерістерге байланысты уақытша есепке қою жұмыстары жүргізілетін болады. Басқа мемлекетте есепте тұрған немесе т.б жағдай тұрған көліктер заңға қайшы емес сол автокөліктерге бес жылға есепке қою жұмыстары жалғасады.

Елімізде соңғы үш жылда жол-көлік оқиғасы 9 пайызға өскен. Салдарынан 6,5 мың адам қаза тауып, 55 мың адам жарақат алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер жолдағы жағдайды ушықтырып жібергенін айтты. «Олар тіркеусіз жүрді. Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек.

Айта кетейік, ертеңнен бастап елімізде басқа елдің нөмірін таққан көліктер заңсыз деп танылады. Бірақ Ішкі істер министрлігі мұндай темір тұлпар иелеріне ішкі сақтандыру полисі аяқталғанша жүруге рұқсат беріп отыр.