Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Депутаттар жазғы демалыста қайда тынығады?

30.06.2023ж. 20:00
905
Депутаттар жазғы демалыста қайда тынығады?

Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жарты сағатқа созылған жиыннан кейін депутаттар жазғы демалысқа шығатыны мәлімделді. Министрлерді сұрақтың астына алатын Мәжілістің жаңа құрамы да демалады. Үш бұрын мандат алғандар қайда тынығады? Ақбота Базарбай жоспарларын сұрады.

Бүгін депутаттар да, министрлер де мәз. Демалысқа қатты асықты ма, бірлескен отырыс 25 минутқа ғана созылды. Енді арқаны кеңге салып, жаз бойы демалып, күзде бірақ келеді. Каникулда қайда болатындарын сұрадық.

Данияр ҚАСҚАРАУОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Шетелге көп болды бармағалы. Шетелге өзім көп шығып тұрамын. Сондықтан маған міндетті түрде шетелге шығу емес. Енді оны уақыт көрсетеді.

Журналистердің қарша жаудыратын сауалына үйренгендер қайда тынығатындарын жасырмай жайып салды. Мәжіліске жаңадан келгендері елде боламыз деп отыр.

Ринат ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Шетелге ме? Иии қой, мен ары кетсе Алакөлге барамын.

Бұрын шетелге шамам келетін, қазір депутаттың айлығы оған жетпейді дейді Ринат Зайытов. Бір айын Абай облысында өткізем деген ол, алдымен отбасын Астанаға көшіріп әкелмек. Ал Дәулет Мұқаевтың өз жұмысына көңілі толмапты. «3» деген баға қойды.

Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

5 бағамен бағалайтын болсам, өзіме 3 деген баға қоямын. Енді енді ғана келдік қой. Жұмыс істегенімізге 3 ай болды. Кез келген салада 3 ай ол, менеджер ретінде де айтатын болсам, нәтиже көрсететін уақыт емес.

Депутаттар өздеріне ғана емес, заң шығару ісіндегі шенеуніктердің жайбасарлығына, отырыстарға дайындықсыз келетіндеріне реніш білдірді. Тіпті, солардың кесірінен кейбір Заң жобалары кешігіп қабылданады дейді. Жазғы каникульдан келгенше, Министрлер кабинеті ширасын деді ме, депутаттар көңілдері толмайтын осындай дүниелерді жіпке тізді.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Депутаттық сауалдарға жауап әлі де әлсіз. Үкімет тарапынан сыдырғы, ақпараттандырылған жауапты ғана алып отырамыз. Үкіметтің түсінетін уақыты келді. Депутаттық сауалдардың барлығы ол депутаттың жан айқайы емес, ол халықтың жан айқайы. Өңірлерде көтеріліп жатқан мәселелерді біз жеткізгіміз келеді. Сол себепті депутаттық сауалдарға көңіліміз көншімейді.

Сессия барысында министрлермен 5 үкімет сағаты өткізілді. Депутаттар алдына сан мәрте келсе де, заңды қабылдарда Үкімет қорытындыны созып, жіпсіз байлап отырады дейді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ. Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр. Сондықтан Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз. Біз жұмысымызды жаңа бастадық. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар депутаттардың бастамаларын қараған кезде ведомстволық мүддемен шектелмеуге тиіс.

3 айдың ішінде Парламентте 82 заң жобасы қаралып, соның 25-і қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды. Бұл ретте электр самокаттар қоғамда үлкен мәселе тудырды. Олардың жүрісін реттеу жөніндегі түзетулер Парламентте кең талқыланған еді. Ең бастысы, депутаттар қабылдаған заң жаяу жүргіншілердің де, самокат жүргізушілерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл заң жобасы бойынша көп талқылаулар болды. Бірақ біз бұны бір қалыпқа келтірдік. Осы заңның арқасында біз жаңа транспорт түріне бақылауды күшейттік. Бұл самокатпен орын алатын оқиғалардың санын азайтады. Осылайша, біз адамдардың, әсіресе жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

Депутаттар халықаралық шарттар мен келісімдердің отандық базасын қалыптастыруға баса мән берді. Парламент 11 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келісімді қабылдады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бүгін сегізінші сайланған Парламент депутаттарының 1-ші сессиясы мәресіне жетті. Жұмыстары небәрі 100 күнге созылған халық қалаулылары қатты шаршай қоймаса да, келесі сессияға күш жинап келмек. 3 ай ішінде 3 бірлескен отырыс, Сенаттың 12, Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтіпті. Онда 120-дан астам түрлі мәселе қаралды. Енді келесі аптадан бастап депутаттар өңірлерге шығады.