Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Астанада «Терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті

AstanaTV
17.10.2016ж. 20:00
2365
Астанада «Терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті

Қазақстанда терроризм мен экстремизмнің етек жаюына жол бермеу керек. Бүгін осы мәселе «Нұр Отан» партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысында талқыланды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров бұл мәселе тек мемлекеттің ғана емес, барша қоғамның атсалысуын қажет ететінін жеткізді.

Нұрлан Әбдіров, «Нұр Отан» партиясы Құқықтық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің Парламентте қазір Мәжілісте, өздеріңізге мәлім, осы терроризм мен экстремизмге қарсы өзгерістер енгізуге байланысты заң жобасы қарастырылып жатыр. Оның ішінде ең өзекті шаралар - ол жазаны қатаңдату. Осы жұмысқа, осы проблемаға қоғам кіріспесе, мемлекеттік органдар өз тарапынан өз бастары бұл мәселені шеше алмайды. Өйткені терроризм мен экстремизмнің осындай қауіпті қылмыстардың ішіне кіріп кететін біздің азаматтар, біздің балалар. 

Аталған жиынға шетелдік сарапшылар да шақырылды. Тәуелсіз институттар осы бағытты ұзақ уақыт бойы зерттеп келеді. Сондықтан өзге мемлекеттердің де тәжірибесі артық болмайды. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының мамандары тек бір мемлекеттің ғана емес, әлемдік қауіпке айналған теріс құбылысқа қарсы Қазақстанда қолға алынып жатқан бастамаларға қатысу зор құрмет екенін атап өтті.

Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы:

Қазақстан бұл бағытта дұрыс қадамдар жасап отыр. Бірақ қолға алған жұмысты жалғастыра түсу керек. Заң аясында тыю маңызды. Себебі қылмыстық топтар күн өткен сайын жаңа әдістер ойлап табады. Осы ретте біздің ұйым тарапынан заң жобасына енгізілетін өзгерістерге байланысты пікірімізді білдіріп, тәжірибемізбен бөлісуді жоспарлап отырмыз.    

Айбек ҚОСАНОВ