Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

1 шілдеге дейін көлігін заңдастырып үлгермегендер не істейді?

AstanaTV
03.07.2023ж. 15:12
650
1 шілдеге дейін көлігін заңдастырып үлгермегендер не істейді?

1 шілдеде 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР ІІМ басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, 23 қаңтардан бастап елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды жүргізді. 1 шілдеде заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтатылды. Осы аралықта 196 мың автокөлік заңдастырылды», - деді Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек апталық брифингіде.

Сондай-ақ қазақстандық есепке 12 мыңнан астам конструктор-автокөлік қойылды.

«1 шілдеге дейін өтінім берген барлық азаматтарға автокөліктері заңдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, заңдастыру құқығы беріледі.ЕАЭО елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге келсек, олардың иелері көлікті кері әкетеді. Ал егер басқа елдегі бұрынғы тіркеу орнынан есептен шығарылса, Қазақстанда кейіннен бастапқы тіркеу туралы міндеттеме және 5 жылға Қазақстанда уақытша есепке қою құқығы берілмек», - деп түсіндірді ресми өкіл.

Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және ҚР мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі.

Тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деген жазбалар көрсетіледі.

Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында сақтауға тапсырылады.

«Егер Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуді шешсе, олар ҚР тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруы керек, содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылады. Ал автокөлік бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және Қазақстан азаматтары оларды Қазақстанда бастапқы тіркеуді ұйғарса, утиль алымынсыз, бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге төлейді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.