Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Астана медицина университетінде оқу ақысы 1 млн 900 мың теңгеге қымбаттаған

03.07.2023ж. 20:00
1642
Астана медицина университетінде оқу ақысы 1 млн 900 мың теңгеге қымбаттаған

Астана медицина университетінде оқу ақысы бірден 1 миллион 900 мың теңгеге қымбаттады. Бұған ата-аналар наразы. Бағаның көтерілуі негізсіз дейді. Бұл - соңғы бес жылдағы ең үлкен өсім. Қазір елімізде жоғарғы оқу орындарында ақылы білім алудың орташа құны 500 мың теңгеден басталып, 2 миллион теңгеге дейін барады. Ал жауапты министрлік бұдан хабардар ма? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады. 

Тіс емдету ғана емес, сол тісті емдейтін дәрігер болу да арзан емес қазір. 6 жыл бойы миллиондар төлеп оқитындар үшін баға көтерілді. Енді стоматолог болу үшін жылына 2 миллион теңгеге жуық ақша керек. Құжат тапсыруға келген талапкерлер мен ата-аналар мұндай бағаны естіп абдырап қалған. Талабы таудай талай жас тар қалтадан керек соманы таппай тауы шағылып кетіп жатыр.

БЛИЦ - САУАЛНАМА:

Басында миллион 250 болған стоматология, біз тапсырайық деп жатырмыз миллион 900 болып кетті биылғы жылы.
Енді миллион 900 деген өте қымбат қой ол. Қазіргі уақытта ол өте қымбат. Почти 2 миллион, например.
Миллион 900 стоматология. Соған таңқалып тұрмыз өзіміз. Қымбат. Неге сонша қымбат? Асфендияровтың өзі миллион 400.
Дәрігер қылғымыз келеді ғой. Мен өзім де дәрігермін. Балаларым да дәрігер болса. Әрине, бұл қымбат. Қиын болады ол әрбір ата-анаға. Дұрыс емес деп ойлаймын көтерген олай.

Ата-аналардың айтуынша, былтыр бірінші курс студенттері үшін баға басқаша болған. Қазіргі өзгерісті енді түсіне алар емес. Ал жоғарғы оқу орнының бізге берген жауабы: "бәрі ережеге сай, бағаның көтерілуі нарық талабы",- деп отыр.

АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ:

Ақылы негіздегі студенттердің бұрын қолданыста болған оқу ақысы Университет шығындарын өтемейді. 2021 жылдан бері мемлекеттік гранттардың құны 1-2 курсқа 1 001 мың теңге, 3,4,5,6 және 7 курсқа 609 мың теңге. 2018 жылдан бері бұл баға мемлекет тарапынан мүлдем өскен жоқ, ал студенттердің басым көпшілігі осы санатқа жатады. Ал негізінен гранттағы бұл студенттердің білім алу құны жылына 2 миллион теңгеге жақындайды.

Бірінші курс студенттері үшін 1 миллион 900 мың деп бекітілген. 2 курс студенттері 1 миллион 375 мың, ал қалған 4 жыл 1 миллион 1 жүз мың теңгеден төлейді. Жауапты ведомство өкілінің айтуынша, білім ордасы өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етеді. Материалдық-техникалық жабдықтар қымбаттағандықтан оқу ақысын да көтеруге мәжбүр. Бірінші курс үшін баға белгілі бір стандарттармен есептелмейді, оны директорлар кеңесі шешеді дейді.

Әсет ИЗДЕНОВ, ҚР ДСМ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ АДАМ РЕСУРСТАРЫ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ол ешқандай заңға қайшы емес. Оқу ақысы 10 процентке дейін көтеріледі. Инфляцияға, нарыққа байланысты. 1-курсқа ғана емес, тағы басқа курстарға, барлық курстарға көтеріледі. Көтере алады, егер ол келісім шартта көрсетілген болса.

Министрлік ақпаратынша, бағаның көтерілуі қалыпты жағдай. Тіпті, бұл айтарлықтай мәселе емес дейді. Ал "Астана медицина университетінің білім құны басқа оқу орындарынан неге жоғары?" деген сауалымызға, келетін талапкерлердің аздығынан деп жауап берді. Айтуларынша баға түспейді, керісінше жыл сайын 10 процентке қымбаттайды.