Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Жиын барысында Президент халықаралық құқық негіздері мен оның маңызды қағидатының, бөлінбейтін, кешенді және тұрақты қауіпсіздіктің бұзылуы қалыпты жағдайға айналғанын айтты. Сонымен қатар, алдағы уақытта трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Бұл шаралардың бәрі тұрақтылыққа және ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті жүйелі түрде күшейтуге септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымында инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды атап айтты. Сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуді және ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынды. Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің келесі саммиті Астанада өтеді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жүк жеткізудің дәстүрлі тізбегінің үзілуіне байланысты заманауи көлік инфрақұрылымын құрудың және жаңа бәсекелі бағыттар ашудың стратегиялық маңызы арта түсті. «Бір белдеу, бір жол» мега жобасы мен Транскаспий халықаралық көлік бағдарын жүзеге асыруға бірлесе күш салу арқылы біз «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерінің мүмкіндігін ашудың барлық алғышартын қалыптастырамыз. Іс жүзіндегі шара ретінде Ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынамыз.