Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек", - Премьер-Министр

04.07.2023ж. 20:00
505
"Судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек", - Премьер-Министр

Судың да сұрауы бар. Ғылыми болжамдарға сүйенсек, су мәселесі жылдан жылға қиындай түспек. Бұл әлемді алаңдатып отыр. Ал табиғи су көздеріне аса бай өлке болып саналмайтын Қазақстан үшін құрғақшылық тіпті өзекті. Үкімет проблеманы қалай шешуде? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады.

Ауыл шаруашылығы саласы суға тікелей байланысты. Алайда, қазір шаруалар егістікке су таппай қиналуда. Тіпті сулы, нулы саналатын өңірлердің өзінде жағдай мәз емес.

Зүлфия СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Қазіргі кезде жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмай жатыр. Бұл ретте министрлік бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша серіктестермен тиісті жұмысты жалғастырып отыр. Жамбыл облысы бойынша бүгінгі күні мұздықтардың әлсіз еруіне байланысты Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз толуына байланысты күрделі жағдай байқалады.

Қатты ыстық ауа райы құрғақшылық қаупін артырып отыр. Осылай деген экология министрі су көп жұмсалатын дақылдарды егуді азайту ұсынды. Бұл ретте ауыл шарушылығы министрі суды тиімді тұтынудың амалдарын тауып, ысырап жасағандарға шара қолдану керек дейді.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Суды арналар арқылы тасымалдау кезінде нормативтен тыс үлкен шығындар орын алып жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес суды ұтымды пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда, бүгінгі таңда су шаруашылығы ұйымдарының суды ұтымсыз пайдаланбағаны үшін жауапкершілікке тартылғандығы туралы бірде-бір факт әлі жоқ.

Вегетациялық кезеңді тиімді өткізу егіннің түсімі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Бұл ретте суармалы жерлердің көбі оңтүстік өңірлерінде. Барлығы дерлік сырттан, яғни көршілес елдерден келетін суға тәуелді. Сондықтан, өзімізде барды тиімді пайдалану керек дейді Үкімет басшысы.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл жерде бірінші кезекте, өзімізде бар су қорын үнемдеп, тиімді пайдалану мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. Елімізде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Алайда сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы әбден ескірген каналдардан егістікке жеткенше құмға сіңіп, ысырап болуда. Бұл – үлкен шығын.

Ғылыми болжамдарға сәйкес, судың көлемі азая береді. 2040 жылға қарай су тапшылығы шамамен 15 текше километрге жетеді. Сондықтан Үкімет басшысы судың басында отырған елдермен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттемелерді сақтау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.