Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Жамбылда егін қурап жатыр

04.07.2023ж. 20:00
962
Жамбылда егін қурап жатыр

Жамбылдық диқандар еткен еңбек, төккен тер далаға кетті деп шырылдайды. Сексеннен астам шаруаның егіні мен бақшасы қурап қалған. Себебі, су жоқ. Шаш етектен шығынға баттық деген олар бүгін ауылдағы әкімдіктің алдына жиналды.

Бәрі өліп жатыр. Қараңыздаршы судың кесірінен. Қанша шығын кетті бұған. Кім көтереді шығынды?

Шаруалар бұған шенеуніктерді кіналайды. Себебі, егілген дәнді-дақыл мен бау-бақшаны қуратып, аптап ыстықта су бермей қолдан жұт жасады дейді.

Жандос МАҚҰЛБЕКОВ, ШАРУА:

Біз үкіметтен техника сұрап отқан жоқпыз. Айналдырған қара су сұрап отырмыз. Бақша деген мынау қурап жатыр.

Бауыржан НАРҚҰЛОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ:

Қанша шаруа бар, қанша жер бар. Қанша халық бар? Судың шамасына қарай келісім-шартқа отырғызу керек еді. Айту керек еді. Болды біздің шамамыз осы жерге жетеді деп. Қалған халықты шулатпау керек еді.

Мархан БАЙКИЕВ, ӨРНЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Суымыз Аса өзеніне бекер ағып жатты. Ол бір. Жамбыл ауданына әкімшілігіне, су басқармасына, облыстық басшыларға бәріне бардық бармаған жеріміз қалмады. Әні-міні деп шығарып салады.

Жиналған шаруалардың кемінде 10 гектар, кейбірінде 40 гектардай егістік алқабы бар. Суармалы жерлердің су көрмегеніне екі айға жуықтапты. Аңқасы кеуіп, алқаптары қураған диқандар түксіз қалдық деп алдына келген аудан әкімінің орынбасарын түтіп жеді.

Ербол ЖИЕНҚҰЛОВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол жерге 1 куб судың көлемі қажет. Енді қазір судың тапшылығына байланысты біз мүмкіндігінше 500 литр судың көлемін жасап беруге қамтамасыз етуге жұмыс жасап жатырмыз. Халықты естіп тұрсыз ба? Ол жерге 500 литр су жетпейді деп тұрмыз ғой сізге! Енді басқа су жоқ! Не істеймін? Қай жақтан тауып беремін мен сізге?

Тіршілік нәрінен тарыққан шаруалар енді не істерін білмей дал. Жақын күндері су келмесе егістікке салған шығынымыздың өтеуін сұрап облыс әкіміне барамыз деп бел буып отыр. Ал экология министрі мұның бәріне суармалы жерлер көрсеткішін екі есе көбейтіп, өтірік ақпарат берген Жамбыл облысы әкімдігін кінәлайды.