$474.83 €515.38 ₽5.5
×

«#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» атты республикалық акция басталды

AstanaTV
07.04.2016ж. 20:00
2222
«#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» атты республикалық акция басталды

7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық күні. Осыған орай «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» атты республикалық акциясын бастады. Шараға «Нұр Отан» партиясы қолдау танытқан. Қордың бастамасымен Астанада сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы ашылған еді.

Бүгін еріктілер 2-ші қалалық арухананың қабырғасын түрлі-түсті суретке бояп, кішкентай науқастардың көңілін көтерді. Акция Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.

Бұл емдеу орнына жылына жүз мыңнан астам бала ем алуға келеді. Бірақ бүгіннен бастап, орталық тек емдеп қана қоймай кішкентай науқастардың көңілі де көтерілетін орынға айналмақ. Себебі дәрігердің қабылдауына кірерде мынадай қызықты суреттерді тамашалауға мүмкіндік бар. 

Расулбек Айыпов, №2 балалар ауруханасының бас дәрігері:

Бала дәрігерден қорқады. Себебі көз алдына епке салатын адам ғана келеді. Бірақ енді олай болмайтын шығар. Мұндай көңіл аударатын суреттің тұрғаны бізге де жақсы.

Аурухананың ішін нағыз өнер туындысына айналдыруға балғындардың өздері атсалысты. Әрине, көмекке ата-аналар қауымы да келген. Нәтижесінде сұрғылт қабырғалардың беті гүлдер мен түрлі мүльфильм кейіпкерлеріне толған. Бұлардың барлығы да ағзаға қауіпсіз материалдан жасалыпты.

4 жасар Әділхан сал ауруына шалдыққан. Оңалту орталықтарында үздіксіз ем алып тұрады. Сәбидің өзі де,ата-анасы да бүгінгі акцияға қатысқанына риза.

Тілеген Жансүгіров, Әділханның әкесі:

Қабырғаға сурет салу - жақсы бастама болды. Ең бастысы - балалар қуанышты. Уақыттарын да қызықты өткізуде.

Ұйымдастырушылар «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» акциясын тек Астанада ғана емес, сондай-ақ елдің барлық өңірлерінде өткізуге ниетті. 

Динара Зәкиева, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының өкілі:

Біз барлық Қазақстан тұрғындарын қайырымдылық жасауға шақырамыз. Әрбір адам ойланса екен, жақынына, жалпы адам баласына қандай көмек бере аламын деп.

«Қасиетті жол» қоры балалар ауруханасына ойыншықтар тарту етті. Енді дәрігердің қаралуына дейінгі кезек те көңілді өтпек. Акция аясында тағы 14 оңалту орталығын ашу жоспарланған. Әрине, оған «Нұр Отан» партиясы тікелей қолдау көрсетеді. Бұл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған әлеуметтік шаралардың бірі.

Құралай ПИОНЕР