Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап жүр

05.07.2023ж. 20:00
1016
Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап жүр

Аймақтағы ағайынды толғандырған мәселелер Мәжіліс депутаттарының назарында. Шығыстағы жұртты шекаралас аумақтар толғандырса, батысты тозығы жеткен тас жолдар мазалап отыр. Сайлаушыларымен кездесіп, мұң-мұқтажына тағы бір мәрте құлақ түрген депутаттардың өңірлерге жасаған сапары туралы келесі материалда.

40 жылдан бері Шымкентті жарық пен жылумен қамтып отырған «3-Энергоорталықтың» жабдықтары 59 процентке тозған. Кешенді қысқа дайындауға 1 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл ақшаға турбогенератордың бірі жаңартылып, үш жылу қазандығы жөнделеді. Бірақ осы ауқымды істі атқарушы мамандардың жағдайы мәз емес.

Данабек ИСАБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT»ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жұмысшылардың ең төменгі айлығы 150 мың теңге екен. Біз енді алдағы уақытта бұл мәселені мен өзім көтеретін боламын. Әрине 150 мың теңге қазіргі жағдайға қатты төмен болмаса да азық-түліктің қымбаттауына байланысты 150 мың теңге аз. Енді өздері де айтып отыр, жұмыс оңай емес. Бұл жерде жұмыс өте ауыр. Басшыларымен біз жолығамыз, Астанаға барып бұл мәселені мен көтерем айлық жөнінде болсын депутаттық сауалды жолдайтын боламыз.

Ал оралдықтарды жол мәселесі толғандырып отыр. Өйткені өңірдегі тас жолдың 46 проценті ғана қанағаттанарлық күйде. Партиялықтар енді осы көрсеткішті 76 процентке жеткізбек ниетте. Мысалы, қазір шұрық-тесік болған қала сыртындағы айналма жол жөнделіп жатыр. Ұзындығы 6 шақырымдық күре жолды кеңейтіп қайта салуға 4 миллиард теңге бөлініпті.

Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Батыс Қазақстан облысының жолдары еліміздің өлшемімен алған кезде сапасы жағынан төмендеп кеткен, жолдары өте нашар күйдегі облыстардың қатарына кіреді. Тендер өткізген кезде тағы бір мәселе шеттен келген компания келеді бір портфельмен бұл жаққа. Бірақ әрі қарай осы жердегі жұмыс істейтін компанияларды субподряд ретінде жалдайды да, бере береді. Бұл жүйеде кетіп жатқан үлкен қателік. Бұл енді заңнамамен реттелетін дүние.

Ал шығысты шекаралас аумақтар мазалап отыр. Мысалы, қытайлар өз жағын көркейтіп, қала салып жатса, шекараның бергі беті қаңырап жатыр. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының бағдарламасында қарастырылған. Тұрғындар ауылда тұрақтап қалуы үшін ауылдық округтер ашу керек, дейді депутаттар.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Менің ойымша өте орынды мәселе. Өйткені адамдар келеді, осында отырып өзінің тіршілігін жасамаса бұл жерде экономикалық сауда айналымын жасау керек. біздер осымен айналысатын боламыз және Қалба тау Майқапшағай жолының тауқыметі өте көп. 6 жыл болды, мердігер әлі бітірген жоқ. Бұл мәселені де біз осы жолды салып, тездету үшін мемлекеттік органдарға нақты тапсырма береміз.

Ал Тараздағы Қызтоған ауылы еліміз тәуелсіздік алғалы бері суға жарымапты. Тіршілік нәрінен тарыққан халықты сумен қамту мәселесі партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, қазір құрылыс басталған.

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бір қуантатыны осы ауылға газ кіргізілген, электроэнергиясы бар, енді қазір осы 1-2 аптада ауыз сумен осы ауылды толық қамтамасыз ететін жоба іске асып жатыр екен. Менің ойымша осы мемлекет тарапынан, мемлекет басшысынан, өзіміздің Аманат партиясынан осы халыққа жасалып жатқан қамқорлық деп ойлаймын.

Партиялықтар бұл істі бақылауға алып, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Сонымен қатар сайлауалды бағдарлама бойынша биыл бес елді мекенге ауыз су жүргізу жоспарланыпты.