$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркістан облысының археологтары 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға тапты

05.07.2023ж. 20:00
1507
Түркістан облысының археологтары 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға тапты

Түркістан облысының археологтары 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға тапты. Ордабасы ауданындағы Сарыарық ауылының маңында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің археологтары көне қорым орнынан өзге де құнды жәдігерлерді аршып алған. Ежелгі Қаңлы мемлекеті дәуіріне тиесілі бірегей қорымды ашу кезінде 5 метр тереңдікте 8 адамның сүйегі табылды. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген дейді ғалымдар. Қазба жұмысы кезінде әйел адамға тиесілі сүйектен 400 моншақтан тұратын алқа мен бағалы тасы бар күміс сақина және кірпік бояуға арналған бұйым шыққан. Археолог Александр Подушкин бастаған топ 2 мың жылдай бұрынғы зергерлер қолынан шыққан алтын әшекейдің өте жақсы сақталғанын айтады. Ғалымдардың пікірінше, Қаңлы дәуіріне тиісілі жерлеу орындарынан зергерлік бұйымдардың кездесуі некен-саяқ. Сол себепті табылған қорым үлкен тарихи және мәдени мәнге ие дейді ғалымдар.

Александр ПОДУШКИН, АРХЕОЛОГ, ОҚМПУ ПРОФЕССОРЫ:

Спираль тәріздес шиыршықталған бұл сырғаның басында иненің көзіндей тесігі бар. Ол - сырғаны бекітіп байлау үшін тесілгені анық. Қазіргі күні біздің қыз-келіншектеріміз көлемді әшекейлерге құмар болғаны сияқты, 2 мың жыл бұрын да үлкен сырға сәнде болған секілді. Сақ тайпасына қарағанда қаңлылар алтынды көп таға бермеген. Десе де, дәулетті адамдардың әйелдері оны сәндік бұйым ретінде қолданғанының дәлелі бұл.

Археологтар табылған жәдігерлерді үлкен олжа санап отыр. Өйткені бағзы замандарда-ақ бұл төңірек түгел тоналған деседі. Табылған керамикалық ыдыстардың өзі біраз сырды аңғартады дейді. Ал біздің заманымыздың I–IV ғасырға тиесілі Күлтөбе қалашығының орнынан арамей әліпбиімен жазылған ежелгі жазба ескерткіштерінің фрагменттері де шыққан. Оның ішінде 4 жазба күйдірілген лай тақтайшалар тұтас фрагмент ретінде бүгінге дейін жеткен. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болып жүр. Ғалымдар қыш кірпіштегі жазу ежелгі Қаңлы мемлекетіне қатысты тың деректерді ашуға септігін тигізетініне сенімді.