Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қызылордада инватакси жетіспейді

AstanaTV
09.07.2023ж. 13:38
1005
Қызылордада инватакси жетіспейді

Мүмкіндігі шектеулі қызылордалықтар инватакси тапшылығын қатты сезініп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлының айтуынша, өңірдегі осындай 31 мыңнан астам адамның 650-дейі арнайы көлікке мұқтаж. Оның 10 проценті — бала.

"Қаланың өзінде небәрі 5 инватакси қызмет көрсетеді. Оның 4-інде ғана электрокөтергіш бар, 1-і жалдамалы. Біз үкіметтік емес ұйым ретінде жобалармен жұмыс істейміз. Сондықтан тағдырластардың сұранысын өтеуге мүмкіндік болмай тұр", - деді ұйым төрағасы.

Өңірде балаларға арналған оңалту, сауықтыру орындары көбейіп келеді. Ата-аналар науқас балаларын соған апару үшін инватакси сұрауды жиілеткен.

Үлкендер оқуға, жұмысқа барады, басқа да шаруамен жүреді. Төрт қабырғаға таңылып отыра беруден де адам жалығады. Сондайда көлік болмай көп қиналады. Қолда бары аз, оның өзі кейде бұзылып қалады.

"Такси керек болып іздесең, бір апта, 3 күн бұрын тапсырыс беру керек. Бірақ адам бір аптадан кейін не болатынын білмейді ғой. Сондықтан діттеген жерімізге дер кезінде жете алмайтынымыз рас", - деді қала тұрғыны, І топ мүгедегі Зәуре Өксімбаева.