Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алғаш рет БАҚ өкілдерінің қатысуымен электронды сауда-саттық онлайн режимінде өтті

AstanaTV
19.10.2016ж. 20:00
4198
Алғаш рет БАҚ өкілдерінің қатысуымен электронды сауда-саттық онлайн режимінде өтті

Электронды сауда сәтсіз аяқталды. Бүгін «Қазақстан темір жолына» қарасты 7 нысанның активтері сатылымға шығарылған еді. Алайда, оларды алуға ниет білдіргендер табылмады. Ерекшелігі сол, электронды сауда-саттық алғаш рет БАҚ өкілдерінің қатысуымен онлайн режимінде өтті. Саудаға вагон жөндеу, техникалық қызмет көрсету саласын қамтитын нысандар шығарылған.

Сағыныш Алин, "ҚТЖ ҰК" АҚ активтерді басқару департаментінің менеджері:

Электронды сауданың тиімділігі ашықтығында, қатысушылар «неге бізсіз өтті» деп айта алмайды, яғни барлығы ашық түрде өтеді.

«Қазақстан темір жолына» қарасты бас-аяғы 37 нысанды бәсекелі ортаға беру қарастырылған. Ұлттық компания менеджерінің айтуынша, олардың 11-ін сауда-саттық өткізбей, тарату жайлы шешім қабылданған. Ал үш нысан қайта құрылымдаудан өтеді. Қалған 23 активтің бүгін жетеуі саудаға шығарылса, өзгелері алдағы уақытта сатылымға қойылмақ. Бүгін өтпеген нысандар  20 күннен соң қайта саудаға шығарылады. Егер сатылмаса, тағы 20 күннен кейін үшінші рет саудаға қойылады. Ол кезде де ешкім қызығушылық танытпаса, активтерді ары қарай не істеу қажеттігін арнайы комиссия қарап, шешім қабылдайды.

Айта кетейік, бүгінгі сауданы ағылшын әдісімен өткізу жоспарланған. Бұл дегеніңіз, сатып алғысы келетіндер табылып, олардың арасында бәсеке туындаса, баға өседі. Ал келесі екі сауда-саттық голландтық әдіспен өтеді, яғни активтер құны керісінше төмендетіледі. Жекешелендірудің екінші толқыны аясында "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі 36 нысан  жекеге өтті. Басым бөлігі электронды әдіспен сатылған.

Мұхит Мағажанов, «Самұрық Қазына контракт» АҚ бас директорының орынбасары:

Табысымыз 49 миллиардқа жуық, ал бастапқы бағаланған бағасы 46,5 млрд болатын, яғни біз жоспарлағаннан 2,5 млрд теңге жоғары табыс таптық.

Енді электронды сауда жайлы аз-кем ақпар. Сауда-саттыққа кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін ең алдымен электронды қолтаңба болуы қажет. Және де активтер саудасына қатысқысы келген адам ережеге сай алдын ала кепілдік жарнаны төлеуі тиіс.

Жарна мөлшері нысанның бастапқы құнының 15 пайызын құрайды. Ал ең жоғарғы жарна 30 мың айлық есептік көрсеткіш немесе шамамен 63 млн теңге көлемінде. Егер сауда-саттыққа қатысушы азамат нысанды сатып ала алмай қалса, қаржысы кері қайтарылады. Ал бүкіл ақпарат gosreestr.kz порталында жазылған.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА