Елордада "Мерейлі отбасы-2023" байқауының Астана қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Он жыл қатарынан өткен ұлттық сайысқа биыл 210 отбасы қатысты. Бұл - рекордтық көрсеткіш! Өткен жылдармен салыстырғанда біршама көп. Отбасылық сайыста бас қаланың әртүрлі санаттағы отбасылары өздерінің ерекшеліктері мен береке-бірліктерін көрсетті.
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
"Мерейлі отбасы" оныншы жыл қатарынан өткізілуде. Сол 10 жылдың ішінде ең үлкен жетістіктер, дәл биыл 210 отбасы қатысып жатыр. Соның ішінде 30 отбасы жеңімпаз болып анықталды. Солардың барлығын марапаттауға осында арнайы шақырдық.
Арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен 11 отбасы арнайы номинациямен марапатталса, 6 отбасы үздіктер қатарынан көрінді.
Есет БАЙКЕН, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Астана қаласы әкімдігімен осы отбасы институтының дамуына балаларымыздың өсіп-өркендеуіне барлық жағдай жасалған. Бүгінгі "Мерейлі отбасы" соның бір дәлелдерінің бірі десем болады.
Жанұя жылулығы мен татулығын айқындаған бәсекеде Сәдуақасовтар отбасы жеңімпаз атанды. 12 баланы тәрбиелеп жеткізген ақ жаулықты ана - балаларының қызығын көріп, 37 немере, 17 шөбере сүйіп отыр.
Тишжан СӘДУАҚАСОВА, "МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ-2023" ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
Бұндай "Мерейлі отбасыға" жеткен де бар, жетпеген де бар. Өте қуаныштымын, құлындарым. Балаларымның арқасында. Балаларымның ұйымшылдығының арқасында осындай мереге жетіп отырмын. Мереге жеткеніме өте қуаныштымын. Бақытты анамын деймін өзімді. Бақытты ана ретінде сезінемін. Аллаға тәубә деймін.
Қалалық кезеңде мерейі тасыған отбасы енді республикалық байқауда бақ сынайды.