$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алдағы күндері елімізде аптап ыстық басылады деп күтілуде

AstanaTV
12.07.2023ж. 16:00
986
Алдағы күндері елімізде аптап ыстық басылады деп күтілуде

Алдағы үш күнде – 13 шілде мен 15 шілде аралығында Қазақстанда аптап ыстықтың беті қайтады деп күтілуде. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қазгидромет" РМК ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Қазақстан аумағы арқылы өтетін батыс циклонның әсерінен ел аумағында найзағай ойнап, жел тұрып, бұршақ және жаңбыр жаууы ықтимал. 14-15 шілде күндері солтүстік-батыста, ал 15 шілдеде еліміздің солтүстігінде қатты нөсер жаууы мүмкін. Салдарынан солтүстікте және орталықта күндіз ауа температурасының +30 градусқа дейін, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста +30... +37 градусқа дейін, ал елдің батысында +25...+35 градусқа дейін төмендеуі күтіледі.

Мамандардың мәліметінше, алдағы үш күнде тек республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, оңтүстік батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Сондай-ақ бүкіл кезең бойы шығыста, 13 шілдеде – оңтүстікте, 13-14 шілде күндері – солтүстік-шығыс пен оңтүстік-шығыста, Қазақстанның орталығында 45 градусқа дейін аптап ыстық сақталады.

Сонымен қатар республика бойынша өрт шығу қаупі сақталады. Алдағы күндері аптап ыстықтың басылатынына қарамастан, бейсенбі күні еліміздің бірқатар өңірінде жоғары ауа температурасы сақталады.