Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

БҚО-да қорадағы қойды қырған иттер халықтың үрейін ұшырып отыр

18.07.2023ж. 20:00
1116
БҚО-да қорадағы қойды қырған иттер халықтың үрейін ұшырып отыр

Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданына қарасты Жамбыл ауылының тұрғындарынан маза қашқан. Өйткені әлдебір жыртқыш қорадағы малды талап, қырып жатыр.

Асқар ДАВЛЕТЬЯРОВ,  ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қасқырдың ісі деп қасқырдың ісі емес, иттің ісі деп иттің ісі емес. Осы охотниктер айтады, мұны шакал деп. Енді не көп, сай-сала көп. Көзімізге көрінбей жүрген бір шакал болар. Келеді де, бауыздап етін де жемейді, тартып ештемесін жемейді. Сол жаңағы қанын сорып нетеді ғой шакал деген. Ағып жатқан қан да көрінбейді жерде.

Ауылдықтар қорасын қымтап, күзетті күшейтсе де, бір айда жиырма шақты қойынан айрылыпты. Талаудан тірі қалған мал союға да келмейді әрі ауру жұқтырамыз ба деп жұрт қорқып отыр. Өлген малға сараптама жасалмаған.

Қалимолла ӨТЕШОВ,  ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қаңғыбас иттер туралы былтыр әңгіме қозғадым. Әкиматқа айттым, ветврачқа айттым. Былтыр бұл ауылдың құсын, үйрек-қазынан бастап түгел жойды. Енді көктемнен бастап иттер малға кірісті. Менің өзімнің төрт қойымды қорадан жеп кетті.

Ал ауыл әкімі елді дүрліктірген бұралқы иттер екеніне сенімді. Өйткені айналадағы саяжайларда иесіз қалған күшіктер өскесін, малға шауып жабайы болып кетеді дейді. Жыл басынан бері 138 ит аулағанын айтқан әкім енді қорадағы қырғынға «кінәлі» төбеттерді түстеп ажыратып, іздеп жүр. Тіпті көмек сұрап, полиция мен ветеринарларға хат та жазыпты.

Максим МУСАЛИМОВ, МИЧУРИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазір қандай ит екенін іздеп жатыр. Екі қоңыр, екі сары ит жүгіріп жүр. Білмеймін кімдікі екенін. Местный емес дейді. Ошейник жоқ, бесхозный жүр.