Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылжарда көпқабатты үй сыртына Жамбыл Жабаевтың портреті салынды

18.07.2023ж. 20:00
1175
Қызылжарда көпқабатты үй сыртына Жамбыл Жабаевтың портреті салынды

Қызылжарда көпқабатты үйдің сыртына Жамбыл Жабаевтың портреті салынды. 20 метрлік панно қаланың кіреберісінде Жамбыл атындағы көшеде пайда болды. Ескерткіштің авторы Болат Әсербеков бұл жұмысы ұзақ жылдар бойы сақталатынын айтады. Себебі туынды бастан аяқ керамикалық тақтайшадан қаланған. Демек, суға да, күн сәулесіне де төзімді. Айта кету керек, бұл сурет аталған шебердің алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін ол дәл осындай материалдан Абайды да бейнелеген болатын. Енді белгілі суретші қазақтың ақиық ақыны Мағжанды тас бетіне түсіруді жоспарлап отыр.

Болат ӘСЕРБЕКОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл бастаманы қала билігі алға тартты. Біз оны құптап, бір жыл ішінде салып бітірдік. Керамикалық панноның жарамдылық мерзімі жоқ. Ол ұзақ уақыт тұра береді.

Қала тұрғындары үйдің қасбетіндегі туындыға дән риза. Жамбылдың суреті көше көркін аша түсті дейді.

Абай Құнанбаев көшесіндегі Абайдың панносы өте әдемі. Ал мынаны мен жаңа ғана көріп тұрмын. Жамбыл Жабаевтікін. Өте әдемі. Бізге дәл осы Петропавл қаласына осындай суреттер өте көп қажет деп ойлаймын.

Паннолар әрине керек. Әдемі көрініс болып тұр. Мұндай керек деп ойлаймын. Бұрынғы тұлғаларды жаңарту. Мысалы жастар көбі біле бермейді ғой.

Тұрғындар мұндай тарихи тұлғалардың суреті келешек ұрпақты тәрбиелеуге жақсы ықпал беретініне сенімді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтайда бұған жіті тоқталған болатын.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек.