Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Президент жұмыс сапарымен Сауд Арабиясы корольдігіне барды

19.07.2023ж. 20:00
1373
Президент жұмыс сапарымен Сауд Арабиясы корольдігіне барды

Президент «Орталық Азия Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекет басшыларының саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясы Корольдігіне барды. Мемлекет басшысының жұмыс сапары Исламда екінші қасиетті орын саналатын Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед пайғамбардың қабіріне зиярат етіп, дұға жасады. Қазақстан Президентінің келуіне орай оған ерекше құрмет ретінде Пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылды.

Осыдан кейін Президент Қос киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Жидда қаласына барды. Мемлекет басшысын әуежайдан Мекке провинциясы губернаторының орынбасары, ханзада Бадр бен Сұлтан бен Әбделазиз, Жидда провинциясының губернаторы Салих бен Әли Ат-Түрки күтіп алды.

Саясаттанушы Риззат Елубаев бұл саммит арқылы аймақаралық қарым-қатынас дамиды - дейді. Нәтижесінде, елдер арасында тиімді келісімшарттар орнамақ. Жиының басты мақсаты да – осы. Сондай-ақ, ауқымды кездесудің қаржы астанасы саналатын Жидда қаласында өтіп жатқанының өзі ерекшелік екенін атап өтті.

Риззат ЕЛУБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Мемлекеттердің көбі Орталық Азияның өзінде бүгінгі таңда ірі инвесторлар болып табылады. Мысалыға, Біріккен Араб Әмірлігі, Катар. Олардың жекелеген Орта Азия мемлекеттерінде жекелеген инвестициялық жобалары бар. Ал, бірақ біріккен, аймақаралық көзқарас деген сияқты қалыптаспаған. Осы форум аясында осы мәселелер қозғалады.

Саммит аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізу де жоспарланған.