$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматы көшелерімен енді трамвайлар жүрмейді

AstanaTV
08.04.2016ж. 20:00
1891
Алматы көшелерімен енді трамвайлар жүрмейді

Алматы көшелерімен енді трамвайлар жүрмейді. "Астана" телеарнасына қалалық жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Дәурен Асылбекұлы осыны мәлімдеді. Трамвайдың қатысуымен болған апатты жағдайлардан соң жұмысын уақытша тоқтатқан Алматы трамвай депосы қайта ашылмайтын болды. Жергілікті әкімдік трамвай тасымалынан түбегейлі бас тартты. Өйткені депоны жаңартуға өте көп қаржы керек.Тозығы жеткен темір жолдарды қайта қалыпқа келтіруге 16 млрд теңге кетеді. Су жаңа вагондар сатып алу мен депоның күрделі жөндеуі тағы бар. Қысқасы, мұның барлығы бюджетке ауыр тиеді, дейді шенеуніктер. Сондықтан трамвайдың орнына 2018 жылдан бастап жеңіл рельсті көліктер жүре бастайды.

Дәурен Әлімбеков, Алматы қалалық жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы:

Жеңіл рельсті көлікті қосу үшін де ақша керек. Осы мақсатты жүзеге асыруға шетелдік инвесторларды тарту қаралып жатыр. Құрылыс 2 жылдан соң басталады деген жоспар бар. Қазір ескі трамвайларды сатып алатындарды іздестіріп жатырмыз. Ресейге  сұраныс жібердік. Жаңа трамвайлардың құны 1,5 миллион еуроға дейін барады. Ал қолданыстағы вагондар одан бірнеше есе арзан.

Еске салсақ, өткен жылдың қазанында Алматыдағы трамвайлар жұмысын тоқтатты. Оған трамвайдың қатысуымен болған екі бірдей жол апаты себеп болды. Зардабынан 31 көлік жапа шегіп, 10 адам жарақат алған. Алғашқы трамвай апаты бойынша кінәлілер жауапқа тартылып, трамвай жүргізушісі мен оның тәлімгерінің 2 жылға бостандығы шектелді.

Бұл оқиға өзге облыстарға сабақ болды. Қазір Павлодардағы трамвай басқармасы деполарын жаңартуға кірісті. 92 пайызы қайта қалпына келтіруді талап етеді. "Астана" арнасының ресми сұраухатына "Павлодар қаласының трамвай басқармасы" АҚ басшылары осындай жауап жолдады.

Айгүл ЕРМАХАН