$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Шымкентте көпқабатты пәтерлерді жеке қазандықпен жылытуға рұқсат жоқ

AstanaTV
08.04.2016ж. 20:00
1691
Шымкентте көпқабатты пәтерлерді жеке қазандықпен жылытуға  рұқсат жоқ

Шымкентте көпқабатты үйлерге жеке жылыту қазандықтарын орнатуға тиым салынады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары айтты. Шенеуніктің ақпарынша, шаһардағы 84 мың пәтердің төрттен бір бөлігі осындай жүйеге көшіп алған. Салдарынан газдан улану қаупі күшейіп тұр. 

Керек градусымды қоям, 60 градус па - 60, 70 пе - 70, қатты ыстық па, 40 -қа қойып қоям, немесе өшіре салам. Күн суып бара жатыр ма, барыншы ыстық қоям. Үйде мен үшін условие...  


Бақытжан Әмірбаев өткен жазда пәтеріне жеке жылыту қазандығын орнатқан. Арзанға түскен жоқ, есесіне қыста тоңбай шықтым дейді. Аумағы 64 шаршы метр пәтерін жылытқаны бар, ыстық суы мен ас әзірлеуін қосқанда, айына 4,5 мың теңгедей төлеп жүр. Жеке жылыту жүйесіне заңды түрде қосылғанын айтады.

Бақытжан Әмірбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

Керек кезде қосамыз, керек кезде өшіреміз. Өте тиімді. Бағасы да арзан. Өз еркіңде үйдің температурасы өз қолыңда, былайша айтқанда. Ерте күн суыған кезде, қысқы маусым басталмады  дейді де, жылу қоспайды.  

Бақытжан сияқты пәтеріне жеке жылыту жүйесін орнатқандар көп. Ресми мәліметке сүйенсек, Шымкенттің көпқабатты  тұрғын үйлеріндегі 84 мыңдай пәтердің жиырма мыңнан астамы жеке жылыту қондырғысына көшкен. Бірақ оның басым бөлігі жүйені заңсыз қосып алған дейді шенділер.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Көпқабатты үйлердің автономды түрде, яғни жеке қазандықтармен жылытылатынын мынадай мұржалардың шығып тұрғанынан-ақ аңғару қиын емес. Мәселен, Нұрсәт шағын ауданындағы 7 қабатты  мына бір ғана үйдің өзінде 16 құбыр қылтиып тұр.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

10 үйде 669 пәтер болатын болса, соның 75 пәтері бүгінгі таңда автономды жылытуға  рұқсатсыз, келісімсіз өтіп кеткен. Біз осы жылу қорытындысы бойынша ол үйлердің барлығына ескерту ілдік. Егер біздің ескертуімізге  құлақ аспайтын болса, бұл үйлерді газ тұтынудан ажыратамыз.

Бейсенбек Жанбосынов заңға сәйкес бес қабаттан жоғары үйлерге жеке жылыту қондырғысын орнатуға рұқсат жоқ дейді. Заңды түрде орнаттым дегендерінің өзі тек ыстық су үшін келісім алғандар болуы мүмкін дегенді де қосты. Мұны көгілдір отынға жауапты мекеме өкілдері де растап отыр.

Сәкен Исмайлов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральді газ құбырлары басқармасының бас инженері:

Әрбір жылу қондырғылары, жылу пештері өзінің мұржалары болу керек. Олар мұржасы жоқ, көпқабатты үйлердің желдеткіш жүйелеріне жылыту қазандығынан шыққан мұржасын қосып қояды да, өздерінің көршілері соның салдарынан улы газбен уланып жатыр.

Жылуға жауаптылардың айтуынша, осындай жеке қазандықтар орнату салдарынан өткен жылыту маусымында екі бірдей қайғылы жағдай тіркелген. Енді мұндай олқылықтың алдын алу үшін өз бетінше жылыту қондырғысын орнатқан пәтерлерге тексеру жүргізілмек. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ