$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Араб елдері Қазақстанға қомақты инвестиция құюға ниетті

20.07.2023ж. 20:00
2423
Араб елдері Қазақстанға қомақты инвестиция құюға ниетті

Араб елдері Қазақстанға қомақты инвестиция құюға ниетті. Олар әсіресе энергетика, көлік транзит салаларын қолдауға дайын. «Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне» шығанақтағы алты ел: Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Кувейт, Бахрейн, Оман және Орталық Азияның бестігі қатысты. Парсы шығанағы елдерінің әлем экономикасында бәсі басым. Саяси ықпалы, экономикалық, инвестициялық әлеуеті зор. Бұл ұйымға бірігуге қызығатындардың көптігі де содан. Ал Орталық Азия логистикалық мүмкіндігі, агроөнеркәсіптік өнімдерімен тартымды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Орталық Азия және Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» жоғары деңгейдегі бірінші саммитіне қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Осы тарихи кездесу бәріміз үшін қасиетті жерде, бірлік пен өзара қолдау жағдайында өтіп жатыр. Соның арқасында елдеріміздің бауырластығы және достығы нығая түсетіні сөзсіз.

Қасым Жомарт Тоқаев саммитте ынтымақтасудың бірқатар бағытын ұсынды. Әуелі тауар айналымы. Қазақстан араб елдеріне қысқа мерзімде 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын. Екінші бағыт – инвестиция. Президент шығанақтағы алты елді Қазақстанға қаржы құюға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Сондықтан біз инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз.

Мемлекет басшысының пікірінше, көлік-транзит саласын дамыту маңызды. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз көлік бағыттарын әртараптандыру үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр. Түрлі инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән береді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз бұл бағыт арқылы жүк тасымалын дәйекті түрде ұлғайтуға ниеттіміз. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту шараларын қабылдауда.

Ал Орталық Азия қазба байлыққа бай. Өңірдегі мемлекеттердің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай, 20 триллион текше метр газ қоры бар. Яғни біздің аймақ мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында. Қазақстан шығанақтағы араб елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен қарым қатынас жасауды ойластырып жатыр. Мемлекет басшысы әсіресе «жасыл энергетикадағы» жаңа жобаларды қолдауға дайынбыз деді. Президент сөзінің соңында ұсынылған бастамалар Қазақстанның өзара орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайтынын жеткізді. Жиыннан соң, мемлекет басшысы Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен кездесіп, өзара ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылады.