Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Маңғыстаулық кәсіпкер Қазақстан атынан халықаралық ірімшік байқауына қатысады

25.07.2023ж. 20:00
967
Маңғыстаулық кәсіпкер Қазақстан атынан халықаралық ірімшік байқауына қатысады

Маңғыстаулық кәсіпкерлер тұңғыш рет халықаралық ірімшік байқауында еліміздің намысын қорғамақ. Конкурс 10-12 қыркүйек аралығында Тур қаласында өтеді. Сайысқа Түпқараған ауданындағы «Жеті лақ» фермасының негізін қалаушы Кобзевтер отбасы қатысады. Кәсіпкерлер онда пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін өңдеп шығарады.

Александра ГРИГОЛОВА, КӘСІПКЕР:

Биыл біз өндірісті дамытуға бағытталған қайтарымсыз 5 млн теңге грант ұтып алдық. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларымыз. Ауыл шаруашылығы кәсіпорнын өз ақшаңа дамыту өте қиын, осы тұрғыда мемлекет көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны қуантады. Біз үшін Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатысу маңызды. Онда біз өз өнімдерімізді таныстырамыз.

Қазбек ТӘШІМОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Сол шаруа қожалығының негізінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кооператив құруды жоспарлап отырмыз. Одан кейін оған Ақшұқыр және Сайна Шағатова ауылдарының, басқа елді мекендердің тұрғындары қосыла алады. Және олар 2,5 пайызбен 8 миллион теңгеге дейін қаржылай көмек алу мүмкіндігіне ие болады. Ал кооперативтің өзі 27 миллион теңгеге дейін ала алады. Нәтижесінде қосымша құрал-жабдықтар алып, өндірісті кеңейтпекші.

Айта кетейік, Кобзеевтер отбасы айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіреді. Ферма 10 га жерді алып жатыр. Оның төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аймақта жем-шөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан. Еуропада өтетін бұл халықаралық іс-шара сүт өнімдерін шығарушы кәсіпкерлердің өз өнімдерін ұсына алатын жоғары деңгейдегі алаң болып табылады.