$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар облысында малдың қысқы азығы екі есеге қымбаттады

26.07.2023ж. 20:00
888
Павлодар облысында малдың қысқы азығы екі есеге қымбаттады

Павлодар облысында малдың қысқы азығы екі есеге қымбаттады. Қазір шөптің тоннасы 50 мың теңгеге жеткен. Бұл бәрінен де ауылдағы ағайынға қиын соғып тұр. Биыл өңірде жауын шашын жоқ. Жер құрғап кеткен. Шаруалар шалғы салар жер таппай отыр. Күннің ыстығынан өңірде тілсіз жау да көбейген. Май ауданында өрттен 2 мың гектар алқап күлге айналды.

Аманкелді СҰЛТАНОВ, ШАРУА:

Кеше 11-ші күн өртпен арпалысып, айқасқанымызға. Енді балалардың барлығы жан-жақтан күзетіп жатыр. Бір түтін шықса бірден бара. Енді қатты жанып бара жатса пожарныйларды шақырамыз. Қалған кішкентай, майда өртті өшіруді өзіміз үйреніп алдық ақырын-ақырын.

Өңірде шөп шабу науқаны басталды. Алайда, құрғақшылықтан шалғыға шалынар шөп шықпай тұр. Оған қоса биыл Ертіс өзені де тасыған жоқ. Салдарынан аймақта мал азығының бағасы екі есеге қымбаттап кетті.

Төлепберген ӘУБӘКІРОВ, ШАРУА:

Жылда алып жүрген шөптің жартысы жоқ қой. Қазір шабындықты бастадық. 3-5 центнер гектарынан шығып отыр. Шет жақтан сатып әкеліп малды асырамасақ, басқа амалын көріп отырған жоқпыз.

Мәселеден жергілікті билік хабардар. Қолдан келгенін жасап жатқанын айтады. Биыл орман алқабындағы тыйым салынған жерлерді де шабуға рұқсат берген.

Есентай МҮРСӘЛІМОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұрын Ертіс суы жайылатын шабындықтарда гектарына 18 центнерден шөп жиналатын болса, қазір 7 центнерден түсіп жатыр. Ал қырда га-дан 1,5-2 центнер. Жаңбыр болмай бәрі күйіп кетті. Сондықтан шөп дайындауға арзан жанар-жағармай бөлінді.

Шаруалар қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялауды сұраған. Әзірге бұл мәселе сиырқұйымшақтанып кетті. Десе де, әкімдік малдың қысқы азығын дайындауға 2 млрд теңге бөлмек. Бұл қаражат фермерлер мен шаруа қожалықтарына субсидия ретінде беріледі. Ал бәрінен де ауылдағы ағайынға қиын болғалы тұр. Оларға жем шөп дайындауға қаражат қарастырылмаған.