Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Балалардың жазғы маусымы қысқаруына ата-аналар қарсы

AstanaTV
08.04.2016ж. 20:00
1885
Балалардың жазғы маусымы қысқаруына ата-аналар қарсы

Қазақстандық ата-аналар оқу жылын ұзартуға қарсы. Олар ғаламторда онлайн түрінде наразылық хат ұйымдастырған. Бүгінде хатқа 18 мыңнан астам адам қол қойыпты. 5 күндік білім беру жүйесіне көшу туралы ұсынысты премьердің орынбасары Дариға Назарбаева жасаған болатын. Бұл бастаманы білім және ғылым министрі де қолдады. Бірақ үкіметтің шешімін ата-аналар мен ұстаздар әрқилы қабылдаған.

5 күндік оқу жүйесін көпшілік қолдап отыр. Бірақ жазғы демалыстың қысқартылуына қарсы. Ата-аналардың ойынша, қалыптасқан дәстүрді бұзу бірінші кезекте балалардың денсаулығына әсер етеді.

Толеген Торегелдин:

Елбасы өз сөзінде мектеп бағдарламасын жүйелеу туралы айтты. Бірақ ол қажетсіз пәндерді қысқартып, 5 күндік оқуға көшу керек деген болатын. Оқушылардың демалысы қысқарса, депутаттардың да каникулы азаюы керек. Қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер жазда жұмыс істейді ғой. Олар да еңбектенсін.

Ата-аналардың ғаламторда қол жинап, жатқанынан салаға жауапты мемлекеттік органдардың басшылары хабардар. Қарағанды облыстық білім басқармасының жетекшісі Асхат Аймағамбетов жаңа өзгерісті былайша түсіндіреді.

Асхат Аймағамбетов, Қарағанды облыстық білім басқармасының бастығы:

Пәндерді интеграциялаған кезде оқушыларға түсетін салмақ азаяды. Бұл 5 күндік оқу аптасына көшуді жеңілдетеді. Биыл 1-ші сыныптардың жаңа жүйеге көшуіне байланысты оқу жылы 10 күнге ұзарады. Оларда қосымша 33 демалыс күні болады. Әр оқу аптасына. Және күзгі, қысқы, көктемгі демалысы тағы бар. Олар қысқармайды.

Теріскейлік ұстаздар болса, білім саласындағы тың өзгерістерге балалар тез үйренеді, деп санайды. Олар жаңа бағдарламаның қыр-сырын меңгеру үшін арнайы курстарға қатысып жүр. Айтуларынша, оқушылар ұшан-теңіз мағлұмат қабылдайды. Сәйкесінше, демалысқа да  көңіл бөлінуі керек. 5 күндік білім жүйесі балалардың оқуға деген  ынтасын оятады. Ал маусымға дейін созылатын сабақтарға олар жеңіл дағдыланады.

Ботагөз Айтжанов, бастауыш сынып мұғалімі:

Біз 25 мамырға дейін оқуға үйрендік. Маусымның біріне дейін оқуға да үйренеміз. Ар жағында бірнеше күн ғана қосылады. Кей ата-аналар жазғы уақытта өз балаларын демалыс лагерлеріне жібере алмайды. Көбі жұмыста болғаннан кейін балалары қараусыз қалады. Сондықтан да олардың мектепте қалғаны дұрыс.

Ақтөбелік ұстаздар оқушылардың денсаулығына алаңдаулы. Ауа-райы қолайсыз аймақта қыста 40 градустық сықырлаған аяз болады, ал маусым айындағы қапырық ыстық бала түгілі, ересектердің өзіне оңай тимейді.

Олег Свет, Ақтөбе қалалық №9 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мұғалімі:

Шетелдерде мүмкін тиімді болар. Себебі оның климаты өзге, жағдайлары басқа. Біздің енді әлі де зерттеушілер зерттейтін шығар, біздің климат қанша дегенмен ыстық. Мамыр айының өзінде оқушыны ұстап отыру қиындау. 

Гүлжазира Қаратаева, ата-ана:

Балаларды маусым айында оқыту деген мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын ата-ана ретінде. Өйткені қыркүйектің өзінде қазір барып жатқан оқушы балаларым бар, ыстықтап, шаршап солай. Өйткені әр сыныпта кондиционер болмайды ғой. 

Білім алу үрдісіне жыл мезгілінің ешқандай әсері жоқ деген психолог мамандар оқу жылының ұзаруы қиындық туғызбауы тиіс деген көзқараста.

Александр Колесников,  психолог:

Егер жаз мезгіліне белгілі бір жоспарлар болса, ауылға, ата-әжелеріне барып дегендей, бұл мәселелерді жеке-жеке қарастырып, шешуге болады. Үлгермей қалған сабақты артынан емтихан ретінде тапсырып. Бірақ бұл жаппай орын алады деп ойламаймын. Қиындық туғызбауы тиіс.

Мансұр Есқожин, тілші:

Қазіргі таңда қазақстандық оқушылар аптасына 6 күн білім алады. Бірақ келесі оқу жылынан бастап 1 сынып оқушылары 5 күндік жүйеге көшеді. 2017 жылы олардың қатарына 2-ші, 5-ші, 7-ші және 9-шы сынып оқушылары қосылады. 2018 жылдан бастап жаңа жүйеге барлық мектептерді көшіру жоспарланған. Бірақ жазғы демалыс уақытын азайту туралы шешім нақты қабылданған жоқ. Соңғы сөз Үкімет тарапынан болмақ.

Мансұр ЕСҚОЖИН, Абзал ҚҰРМАНКИН, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ