Шымкенттік
оқушылардың өз қатарласына әлімжеттік жасағаны жазылған бейнежазба әлеуметтік
желіде тарап кетті. Кадрде бұл қаладағы
№ 12 мектептің оқушылары екені айтылған. Оқушылардың аталған орта
мектептің 6 сыныбында оқитыны белгілі
болды.
Мектеп директорының айтуынша, оқиға сәрсенбі күні саябақта
болған. Оқушылар мен ата-аналардан түсінік алынуда. Балалар өз әрекетін «ойын»
деп түсіндірген болды. Бейнекадрде жәбір көрген бала мен оның ата-анасы да мұны
растады.
Михаил
Жуйко, ата-ана:
Ұлымды
ешкім де ұрып-соқпаған. Балалар қалжыңдамақ болған. Ақыры ойыннан от шықты.
Алайда мен оларды кінәламаймын. Балалық қой. Каратэге қатысатын менің ұлым
біреуге есесін жіберетін бала емес.
Қазір оқушылардың әрекетімен полиция айналысып
жатыр. Бұл іс Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінде «бұзақылық» бабымен
тіркелді. Бейнероликті түсіргендер мен әлімжеттік жасағандардың түпкі мақсаты
тергеу барысында анықталмақ.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ