$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Дихандарға жаңа техника қажет», - Ә.Смайылов

01.08.2023ж. 20:00
719
«Дихандарға жаңа техника қажет», - Ә.Смайылов

Елімізде ауыл шаруашылығы техникаларының тозығы жеткен. Комбайндар мен тракторлардың 76 процентке жуығы ескі. Былтыр отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарған. Бірақ бұл шаруаларды жаңа техникамен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өндіріс қарқынын арттыруға тапсырма берді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз отандық өндірісті дамыту үшін импортталатын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға субсидия беруді азайтуды көздеп отырмыз. Индустрия, Ауыл шаруашылығы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанда баламалары бар импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидия беру мөлшерлемесін 25-тен 15 пайызға дейін төмендету мәселесін пысықтауы қажет.

Ауыл шаруашылығы техникаларын бірсыпыра жаңарту үшін биыл елімізде 5 мың трактор мен 900 комбайн құрастырылады. Қазірдің өзінде Қостанай облысында тракторларға арналған кабиналар өндірісі жолға қойылған.

Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта шығарылатын техника ірі торапты құрастыруға негізделген. Сондықтан кәсіпорындардың шағын торапты құрастыру әдісіне ауысуын жоспарлап отырмыз. Секторды одан әрі дамыту ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтымайтын аспалы және тіркемелі техника өндірісін ұлғайтуға бағытталатын болады.