Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Елімізде қайтыс болған 15 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрған

AstanaTV
08.08.2023ж. 15:12
898
Елімізде қайтыс болған 15 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрған

Елімізде баспана кезегінде тұрған 232 мың адамның құжаты заң талаптарына сай емес. Сондай-ақ олардың 15 мыңы дүниеден озған азаматтар екені анықталды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың сөзінше, бүгінде тұрғын үй кезегінде 646 819 қазақстандық азамат тұр. Сондай-ақ кейінгі жылдары олардың қатары ұлғайып келеді. Оның айтуынша, 10 жыл ішінде кезек 6 есеге артқан.

"Сонымен бірге халық тарапынан аталған кезекке баспанасы бар азаматтар тұрып жатқаны туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Осыған байланысты біздің ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған тізімнің заң талаптарының сәйкестігіне талдау жүргізілді. Оның нәтижесінде кезекте тұрған 96,1 мың азаматтың кейінгі 5 жылда жеке баспанасы болғаны, 533 адамның Қазақстанның азаматтығы жоқ екені, 91,4 мыңдай адамның тұрғылықты жері кезекке тіркелген өңірмен сәйкес келмейтіні, сондай-ақ 29 мың адамның тіркелмегені және 15,6 мың адамның қайтыс болғаны анықталып отыр", - деді ол.

Ведомство мәліметінше, үй кезегінде тұрған 232 мыңға жуық азаматтың жеке деректері заң талаптарына сай болмағандықтан оларды тізімнен шығаруға тура келеді.

"Аталған тізімді түгендеу кезектің қозғалу процесін жеделдетуге және расымен де баспанаға мұқтаж азаматтардың құқықтарын кез келген оғаш әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Бауыржан Қабдол.