Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

"Иығына қызыл орамал жаппаңыздар": Жазира Байырбекова ұзатылатын қыз бен той иелеріне ақыл-кеңес айтты

AstanaTV
11.08.2023ж. 19:32
1523
"Иығына қызыл орамал жаппаңыздар": Жазира Байырбекова ұзатылатын қыз бен той иелеріне ақыл-кеңес айтты

Танымал әнші Жазира Байырбекова ұзату тойларда сұранысқа ие. Ол қалыңдық пен той иелеріне өз ұсыныстарын айтып, ұзату тойдың кемшіл тұстарын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі ұзату тойға қатысты ұсыныстарын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

“Иығына қызыл орамал тақпай-ақ қойыңыздаршы. Ұзатылар алдындағы қызға батаны сәукелені кигізіп болған соң беріңіздерші. Құрбыларына тарататын үкіні аяғына қалдырмай тойдың ортасынанан сәл асқанда таратсыншы. Ақ жолдың үстімен кетіп бара жатқанда тек туған ата-анасы мен,туған бауырлары ғана құшақтап, сүйсінші. Ұзатылар алдында құдаларды сыртқа шығарып жіберетіндер бар. Шығармаңыздар. Олар да ұзату рәсімін көріп, қыз бен жігітпен бірге шықсын. "Бақытты боламын деп барма,сол әулетті бақытты етемін деп бар" деп тым ауыр жүк артып, тілек айтпаңыздаршы. Қыз бақытты болсын, бастысы. Ұзату тойын жағдайыңыз жетсе жасаңыз. Жетпесе, қиналып несиеге кірмеңіз. Ұялатын заман емес. Тойсыз-ақ бақытты отбасы болып жүргендер көп… Ұзату тойын күндіз жасасаңыздар жақсы болар еді. Баяғыда күн батпай алып кететін болған. Оның да бір сыры бар шығар. Жігіт қызды көпшіліктің көзінше көтермей-ақ, екеуінің қол ұстасып кеткендері мәдениетті, әдемі көрінеді. Қыздар, ұзату көйлегін тойда киетін туфлиларыңызбен бірге киіп, жүріп көріңіздер. Ұзын болса қысқартып, алдын ала дайындаңыздар. Ойыма ой қоссаңыздар болады”, – деп жазды Жазира Байырбекова.

Желі қолданушылары да әншінің бұл пікірін қолдады.

“Соғысқа жіберіп жатқандай еңіреп жыламасыншы”, “Ескертудің бәрі орынды, күйеу жігіттің көтеріп шықаны өте ерсі көрінеді”, “Ұзатылған қыз өз жұртына тоқтамай, іркілместен ақ жолымен аттанып кету керек”, “Тойды ұл болсын, ұзату болсын күндіз жасауды үрдіске айналдыру қажет”, “ Қызыл орамалды қайдан шығарған?”, – деп жарыса жазды желідегілер.