Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкентте мектеп оқушылары уланып ауруханаға түсті

AstanaTV
28.10.2016ж. 20:00
3931
Шымкентте мектеп оқушылары уланып ауруханаға түсті

Шымкентте мектеп оқушылары жаппай уланып қалды. Оқыс жағдай қаладағы № 55 мектепте орын алған. Жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығына 35 адам жеткізілген. Жаппай улану жағдайы хабарланғандықтан, орталықта 40 төсек-орын әзірленіпті. Ауруханаға кеш батқанға дейін көмек сұрап жүгінгендер бар. Ұзын саны 41 адам дәрігерге қаралды. 8-і мектеп қызметкері, басқалары оқушы.


Сәкен Катбаев, облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері:

Науқастар жүрегі айнып шағымданса, кейбірі кенеттен іші ауырғанын айтты. Қазір бір адам жатыр. Өзгесі алғашқы көмектен соң үйлеріне қайтарылды. Барлығына өткір ингаляциялық улану диагнозы қойылды.

Жаппай улануға 10-шы сынып оқушысының мектеп ішіндегі дәретханаға белгісіз газды шашуы себеп болған сыңайлы. Мектеп директорының айтуынша, ол көз жасаурататын газ баллонды "сабаққа келе жатып тауып алдым",  деп түсіндірген. Дәлізге шыққан жағымсыз иістен негізінен 5-ші сыныптың шәкірттері өздерін жайсыз сезінген. Мұғалімдер балаларды сыртқа шығарып, бір сағатқа жуық сабақты тоқтатуға тура келгенін айтуда. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:

ҚҚ 293 бабы бойынша «Бұзақылық» қылмыстық ісі қозғалды. Бұл жәйт қазір мән-жайлары жан-жақты тексеріліп жатыр. Және де сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.